Білім және ғылым министрлігіне өзгеріс қажет - Аймағамбетов
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің қайта құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы ақпаратты Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Министрдің айтуынша, ішкі бизнес-процестерді реттеу, кейбір функциялардың қайталануын болдырмау, әр қызметкерге нақты міндеттер жүктеу, бөлімшелердің жұмысын оңтайландыру мен олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және т. б. үшін өзгерістер қажет.
- "Біз министрлік жұмысына функционалдық талдау жүргіздік. Біраз мәселелер өзгерістерді қажет ететіндігі анықталды.Мәселен, негізгі бөлімшелердің жұмысында басты назар стратегиялық басымдылықтарды анықтап, білім беру саясатын белгілеуге емес, ағымдағы операциялық-шаруашылық жұмыстарға аударылған. Мектепке дейінгі және орта білім беру, ТжКБ және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру секілді негізгі департаменттер өздеріне тән емес қызмет атқарады", - деп жазады министр.
Талдау нәтижесі құрылымдық бөлімшелердің жүктемелерін талдау да осындай сәйкессіздіктердің көп екендігін көрсеткен. Сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің бір қызметкерінің жүктемесі басқа сервистік департаменттегіден 7 есе артық екен.
Білім және ғылым министрлігінде орын алатын өзгерістерге келетін болсақ, енді мемлекеттік сатып алу, орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, бюджетті игеру, техникалық сипаттамаларды жасау сияқты барлық міндеттер қаржы департаментіне жүктеледі. Бюджеттік өтінімдерді әзірлеу мәселелерімен алдағы уақытта Бюджеттік жоспарлау департаменті айналысады. Ал вице-министрлер мен салалық департаменттер тек ғана өз бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастырумен, осы салалардағы қызметті құқықтық қамтамасыз етумен және үйлестірумен айналысатын болады.
Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Демек, Комитеттің миссиясы мен міндеттері де өзгереді. Ендігі міндет - тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету.
-«Өйткені, мақсатымыз - тексеру емес, сондықтан Комитет қандай сыныпта, қандай тақырып бойынша, қай жерде кемшін тұс, түйткілді жерлер бар екенін көрсетіп, осы мәселені шешу үшін егжей-тегжейлі ұсыныстар беретін болады», - дейді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, Мектепке дейінгі және орта білім департаменті қызметкерлерінің саны басқа бөлімшелердің жұмыскерлерінің есебінен артып, Мектепке дейінгі және орта білім комитеті болып құрылады.
Бұл ретте министрліктің жалпы штат саны артпайды, оның үстіне бос жұмыс орындары есебінен біраз қысқарту жоспарланып отыр екен.