"ZANGA QYZMET ETEMIZ" – Патрульдік көліктердің жаңа дизайны
Ішкі істер министрлігі патрульдік автокөліктердің жаңа дизайнға көшетінін мәлімдеді. Мәселен, көліктердің алдыңғы есіктерінде "ZANGA QYZMET ETEMIZ" деген жазуы бар эмблема болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі zakon.kz сайтына сілтеме беріп.
Көліктердің артқы қапталында (бензин құяр тұсында) кезекші бөлімше мен жедел басқару орталығының байланыс нөмірі жазылып тұрады. Бұл шұғыл жағдайда хабарлама беру үшін керек.
Ал көліктің артында, әлемдік талапқа сай, көліктің мемлекеттік нөмірі мен экипаж нөмірі таңбаланады.
Министрлік барлық департаменттерге патрульдік автокөліктердің түгелін жыл соңына дейін осы дизайнмен әрлеуді тапсырды.
Министрліктің хабарламасына сенсек, бұл өзгерістерге шығын шықпайды, автокөліктерді пайдалану үшін бұрын бөлінген қаржы жұмсалады.