KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1,1 м/с, В
498.51 522.84 4.81

Абайдың туған күні қашан нақтыланады?

23.08.2019, 05:04 74

Абайдың тууын куәландыратын құжат, қолжазбалары, күнделікті жазбалары, жазысқан хаттары, көптеген фотосуреттері, оқшау ойлары бізге жетпегенімен, өмірінің басты кезеңдерін анықтайтын деректер мен зерттеулер баршылық, тәубе!

Ірі оқымысты, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде»: «Әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан дана бөлек кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптар оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім, - деп Абайдан алған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге сабақтарына дән ризалығын білдіре келіп саналы жанның санасына зілбатпан салмақ салатын ой түйеді. – Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хаким философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті (астын сызған біз – А.Е.). 1904 жылы июнь айында 60 жасында өтті, алла тағала баршасының рухына рахмет қылсын».

Шәкәрімнің аузына қорғасындай ауыр сөздерді заманы, уақыты салып отыр ғой. Біз егемен елде, өркениетті Қазақ Елінде өмір сүру бақытына иелендік. Ендеше ұлыларымызды ұлықтауда еленбейтін, ескерілмейтін ұсақ-түйек болмауы керек.

«23 июня 1904 года в Чингизской волости (в горах Чингис) Семипалатинского уезда скончался популярный в родной степи киргизский (казахский –А.Е.) поэт Абай Кунанбаев», - деп хабарлады Әлихан Бөкейханов ұлы ақынға арналған некрологта («Семипалатинский листок», 1905, 25 ноября, №250). Ақынның қайтыс болған күні дәлме дәл көрсетілген, бірақ ескі стильмен екендігін ескерген жөн. Енді бұдан нақты деректі табу қиын. Бәзбіреулер ескі, жаңа стильді діни ұғымдармен байланыстырады. Ол мүлдем қате.

Ақынның өмірге келген күні туралы деректерге ден қоялық.

1909 жылы Санкт-Петербургте басылған ақын жинағында мол өмірбаяндық мәліметтерді қамтып жазған Кәкітай ендігі оқырманға аян. Кәкітайдың ұлы Әрхам Ысқақов (1885-1963) «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде: «Үдере көшіп шаршап-шалдығып келген ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп, орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып бір ұл дүниеге келеді... Атын арабшалап Ибраһим деп қояды»,-дейді. Әзірше әдебиет зерттеушілерінің бағдарда ұстап жүрген бірден –бір дерегі осы. Және шынайы дерек есебінде ғылыми айналымға түскелі ондаған жылдар өтті. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып келеді?», «Бәріміздің Абайымыз», танымал қаламгер Дәулет Сейсенұлы «Хакім ақын қай күні туған?» мақалаларында дәлелді ойларымен әдебиет сүйер қауымға ұсыныстарын білдірген еді. Өкініштісі жазылып, айтылып келе жатқан тарихи шындықтың басқарушы орындардың назарынан тыс қалуында. Мәселе жаңа стильге көшкенімізге бір ғасыр уақыт өтсе де, Абайдың туған, өлген жылдарын ғана белгілеуде сіресіп, кежегеміз кері тартып, бойкүйездік танытуымыз ендігі жерде төзбестік жағдай.

Нақты ғылыми, ресми дәйекті тұжырымға жүгінейік: «1918 жылғы 23 январьда (ескі стиль бойынша) Халық Комиссарлары Советі ұсынылған екі жобаны талқылады, комиссияның жұмысын қорытты. Келесі күні-24 январьда (6 февральда)» «Россия республикасында батыс европалық календарьды қолдану туралы декрет» қабылдады... Бұл кезде ескі стиль мен жаңа стильдің арасындағы айырмашылық 13 күнге толған еді. Сондықтан декрет бойынша 1918 жылғы 31 январьдан кейінгі күн 1 февраль орнына 14 февраль болып есептелді» (Мыңбай Исқақов «Халық календары», Алматы, 1963, 36-бет).

Дәйексөзді ұзақ етіп алып, ежіктеп отырған себебіміз ендігі жердегі мақсат - қателіктен арылу қажет. Атап айтқанда, қазақ елінің күнтізбесінде Абайдың туған күні 23 (ескі стильмен 10) тамыз, қайтыс болған күні 5 шілде (ескі стильмен 23 маусым) екендігі тайға таңба басқандай бадырайтып жазылса нұр үстіне нұр.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов ұлы ақынымыздың бақилыққа көшкен күнін баспасөзде 1905 жылы жариялаған, Абай қайтыс болғанда 17 жастағы есті азамат Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов туған күнін соқырға таяқ ұстатқандай анықтап берген еді. Өмірін абайтануға арнаған қазақтың қайсар ұлы, марқұм Қайым Мұхамедханов кезінде мәселенің нүктесін қойып кетті. Абайдың туған, дүниеден озған күндері мойын бұрғызбайтын деректермен дәлелденіп отырғанда оны елемей, ескермей, бұрынғы үйреншікті қалпында қалсын деу барып тұрған надандық емес пе?!

Сіз қалай ойлайсыз, ағайын!

 

Арап Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

Семей.

Ұлт порталы

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу