Семейге Қазаннан Абай туралы татар тілінде жазылған ескі газеттер әкелінді
Семейде Абай туралы естеліктері бар ескі кітаптар мен мақалалардың көшірмесі таныстырылды. Олардың барлығы да татар тілінде.
Н.И. Лобачавский атындағы Қазан мемлекеттік университетінің архивінен ақын шығармашылығына байланысты көптеген құнды дүниелер табылған.
-«Вакыт» газетіндегі Абай туралы мақала араб тілінің каллиграфиясымен жазылған, -деді музейдің ғылыми хатшысы Шынар Мұратқызы,-әзірше мақала мағынасы зерттелген жоқ. Мамандар бұл мақала шамамен 1908 жылы жазылған деп отыр. Сондай-ақ, татар тіліндегі Абай шығармалары да бар екен.
Және музей қызметкерлері «Кедей мұсылмандарды қамқорлыққа алу туралы басқарма есебі» деген құжатты да тауып алыпты.
Бұл 1900 жылы шыққан. Басқарма 1898 жылы ұйымдастырылып, құрамына 10 құрметті мүше, 26 құрылтайшы кірген. Жиналған қаржы қаладағы жағдайы жоқ мұсылман отбасыларын берілген. Мүшелерінің ішінде Әнияр Молдабаевтың да фамилиясы тұр. Бұл кісі Абайдың тәрбиесінде болған адам.
Шынар Мұратқызының айтуынша, барлық табылған дүниелер Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылатын көрмеге қойылып, жұрт назарына ұсынылатын болады.