Сайлау - 2019. Ауылдарда қалай өтіп жатыр? (ФОТО)
Ауылдағы жұрт бұрыннан сайлауға ерте келеді, маңайындағы көрші-қолаңды да ерте келеді. Қаладағы халықтан айырмашылығы сол - ерте тұратындығында.
Ұлан ауданы Мамай батыр ауылындағы №957 сайлау учаскесі алдына халық таңғы 6 кезінде-ақ жинала бастапты.
Мектептің алдында тәтті-дәмділер сатылып, көңілді музыка ойнап тұр.
Таңертең малды қосып тастаған соң мамайлықтар тура мектепке қарай тартқан сияқты.
Сайлау учаскесінің төрайымы Раушан Қалиеваның айтуынша, тіркелген 871 адамның 200 ден астамы учаске ашылғаннан кейінгі бір сағаттың ішінде дауыс беріп үлгерген.
-Осыған қарағанда біздің ауыл түске түгел таңдау жасап үлгеретін болуы керек дейді,- Раушан Қалиева.
Өздігімен келе алмайтын 15 адам бар екен ауылда. Әлеуметтік қызметшілер үйлеріне бюллетень апарып береді. Ал биыл 18 жасқа толған Темірлан Сарқытов тұңғыш рет дауыс беріпті, оған сайлаудағылар сыйлықтар ұсынды.
Өзін Мұқашев Тимур деп таныстырған жігіт сайлауға жұбайымен бірге келді. Екеуі де бір-бірімен кеңесіп, нақты бір кандидатқа бекініп келген.
- Ойландық-толғандық, кандидаттардың бағдарламаларымен таныстық. Өзіміз сенген, ұрпағымыздың болашағы үшін қызмет ете алады-ау деген кандидатқа, дауысымызды бердік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш,-болсын дейді ол.
Ауыл тұрғыны Баймұхаметов Бекен ағамыз да Қазақстанның ендігі болашағы тек қана білікті басшымен байланыстыратынын айтып, бюллетень жәшігіне бүктелген ақ қағазды сүңгітіп кетті.