«FlyArystan» қызметін бір айда 50 мың жолаушы пайдаланыпты
Бірінші қазақстандық лоукостер (билеттерді арзан бағамен сататын әуе компаниясы) – «FlyArystan» 2019 жылдың мамыр айында 50 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Өткен айда орындалған рейстер саны 309 құраған. Рейстерді уақтылы орындау көрсеткіші 94 пайызға, ал әуе кемелерінің жүктеме коэффициенті 93 пайызға жеткен.
«Әуе компаниясы сайтында 26 қазанға дейінгі жолаушылар билеттерінің сатылымы ашық. Сол себепті мамырдың соңына дейін сатылған 125 мыңнан астам билеттердің 60 пайызынан көбі – бірнеше ай бұрын сапарларын жоспарлаған жолаушыларға тиесілі екенін атап кеткен жөн» делінген хабарламада.
Еске салайық, «FlyArystan» ұшақтары мамыр айынан бастап Алматыдан Нұр-Сұлтан, Тараз, Орал, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларына қатынай бастады.