KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 2 м/с, С
498.51 522.84 4.81

ШҚО-да бірлік күні берекемен тойланды

1.05.2019, 11:28 161

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күнін Шығыс жұрты да ұйымшылдықпен тойлап, өңірдегі іргесі берік ұлтаралық келісім мен   конфессияаралық татулықтың тамаша үлгісін тағы бір мәрте паш етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

Жаңа форматта ұйымдастырылды

 

Атап өтерлігі, биыл  мерекеге  арналған іс-шаралар жаңа форматта ұйымдастырылды. Жылдағыдай дәстүрлі шерудің орнына Өскемендегі  Республика алаңындағы арнайы әзірленген 15 ойын-сауық орнында жоспарлы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өскемендіктер мен қала қонақтары мереке күнгі қызықтардан құр қалмау үшін алаңды ертемен бетке алды.

Мерекенің шымылдығын алдымен «Шағын – Арбат» қалалық қолөнершілер мен суретшілердің  көрмесі ашты. Сонымен бірге бұл арада балалар қалашығы орын теуіп, онда ойын-сауық аттракциондары, танымдық ойындар, иллюзионистер алаңы және алып қуыршақтар мен мультфильмдегі роботтар бүлдіршіндердің көңілін көтерді. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ екі фотозона келушілер сұранысын қанағаттандырса,  қаладағы мейрамханалар мен дәмханалар тез дайындалатын түрлі тағамдары мен ұлттық тағамдарды сатылымға шығарды. «Домбыра пати» және «Караоке» байқауларын тамашалаушылар қарасы да көп болды.

Әрине, мереке спорттық шараларсыз өткен бе? Гір көтеру, қол күрестіру, арқан тарту, асық ату, садақ ату, ФИТ кросс, тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылды. Алаң ортасында «Каратэ» флэшмобы мен черлидинг мектептерінің командалары өнер көрсетті.

 

Күні бойы ән мен би үзілген жоқ

 

Мерекелік шаралардың қызған шағында алаңға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Даниал Ахметов Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

– Сіздерді татулық пен достықты, ынтымақ пен бірлікті ұлықтайтын, жалпыхалықтық мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халқына асқақ армандар мен ұлы мұраттарға жетудің сара жолын салып берген, ұлы замандасымыз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асулары жоқ» деген ұлағатты сөзі бар. Тарихи қысқа уақыттың өзі бұл сөздің айнымас қағида екенін дәлелдеп берді. Қазақстан мемлекеті әлем елдеріне көп ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруінің теңдесіз үлгісін көрсетті.

Әлемнің көптеген саясаттанушылары жүзден астам ұлт өкілі тұратын, ұлан-ғайыр аумағы, дамыған инфрақұрылымы, өркендеген қалалары мен ауылдары бар біртұтас қазақстандық қоғамды құрудың оңайға түспегендігін әрқашан айтып келеді. Қазақстан халқы, Сіздер мен біздер ұлы замандасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге осы қазақстандық қоғамды құрдық. Біз бірлікке, ортақ үйіміздегі бейбітөмірге қол жеткіздік.

Ардақты ағайын! Қазақстан атты ортақ үйіміздегі ұлтаралық келісім деп аталатын ұлы достықты бағалай біліңіздер. Бізді жарқын болашақ күтіп тұр, себебі, жаңа, заманауи Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Баршаңызға мықты денсаулық,  әр отбасыға баянды бақыт тілеймін! Тағдыры бір, мақсаты ортақ, көпұлтты халқымыздың бірлігі арта берсін! – деді аймақ басшысы, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметов.

Бұл күні Республика алаңындағы ойын-сауық шаралары бір сәтке де толастаған жоқ. «Бірлік. Достық. Ынтымақ» тақырыбының аясында мазмұнды концерттік бағдарлама жиналғандар назарына ұсынылды. Шығыстағы достық мерекесіне арнайы келген қазақ эстрадасындағы танымал топ «Меломеннің» сері жігіттері тыңдармандар жүрегін жаулаған әдемі әндерін бірінен соң бірін орындап, мерекелік сахнаның сәнін кіргізді.

– Біз қазақстандықтар әртүрлі ұлт өкілі болсақ та, көп жылдар үлкен әрі тату отбасында өмір сүрудеміз. Себебі, басында Тұңғыш Президент тұрған  мемлекет саясаты  көрегенділікпен құрылған. Бір-бірімізге, діни ұстанымымызға аса құрметпен қараймыз. Еліміздің бұл жетістігі қазіргі кезде бүкіл әлемге үлгі болып отыр, – дейді өңірдегі армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Дживан Маначурян.

Ал облыс орталығындағы әр ұлттардың аймаққа танымал өнер ұжымдары мен өнерпаздары бірлесіп, «Бір шаңырақ астындағы бір халық» деп аталған интернационалдық концертті талғамы биік жұртшылыққа ұсынып, өңірдегі татулық пен бірліктің әдемі үлгісін көрсетті. Әсіресе, «In coro», «Іңкәр» топтарының, «Ладушки» ансамблінің, «Кавказ» лезгинка мектебінің өнері көпшілік көңілінен шықты.

Түске дейінгі мерекелік іс-шаралар легі «Бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның бүгіні мен ертеңі» тақырыбы аясында патриоттық әндер шырқалған концертпен түйінделді.

 

Әнші субұрқақ іске қосылды

 

Мерекелік іс-шаралар түстен кейін де жалғасын тауып, Максим Горький көшесі бойында «Автоэкзотика» автошоуы өтіп, оған отыздан астам автокөлік қойылды. Бұдан бөлек бірнеше аталымдарда автокөліктер сайысы ұйымдастырылды.

Бүгін кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары бес аталым бойынша Өскемен қаласы әкімінің кубогына арналған «Студенттік көктем-2019» гала-концертін тамашаламақ. Одан соң сахнаға «Меломен» тобының жігіттері қайта оралып, танымал хит әндерін шырқап, өскемендіктерге тамаша көңіл-күй сыйлайды деп күтілуде. Бұл күнгі мерекелік бағдарламалар Республика алаңындағы «Әнші субұрқақтың» биылғы алғаш қосылуымен қорытындыланады.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі облыстың барлық қалалары мен аудандарында сән-салтанатымен жоғары деңгейде аталып өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу