Тоқаев: Көпшіліктің пікірін ескермей АЭС салуға болмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының жұртшылық өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президенті Семей жерінің ұзақ жылдар бойы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан өңір екеніне тоқталып, полигон зұлматы 500 мың адамның өмірі мен тағдырына тікелей зиянын тигізгенін айтты.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында Семей полигоны біржола жабылды. Бұл оқиғаны әлем жұртшылығы теңдессіз ерлік деп бағалады. Елбасы – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. Тұңғыш Президентіміздің ұлы шешімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын айтты.
– Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар, АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.