Ядро, найза, диск және шарбалға лақтыру. Өскеменге тағы бір спорт кешені
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығының аумағы кеңейетін болады. Спорттық нысанда тиісті құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Бұл туралы vksport.kz сайты хабарлайды.
Белгілі болғандай, орталықтың жанынан тағы бір жапсарлас ғимарат бой көтермек. Онда спортшыларға жаттығу жасауға мүмкіндік беретін 100 метрлік жүгіру жолақтары салынады.
Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компанияның өкілі Серік Мұздыбаевтың айтуынша, жаңа ғимараттың ұзындығы 26, ал ені 143,5 метрді құрамақ. Нысанды «Элхон» ЖШС салуда.
– Ғимарат салынатын жердің айналасын дуалдармен қоршап тастадық. Қазір жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысан жеңіл атлетика орталығының негізгі ғимараты сияқты металл конструкцияларынан тұрғызылады, – дейді С.Мұздыбаев.
Бұған қоса ғимарат жанынан ядро, найза, диск және шарбалға лақтыруға арналған арнайы алаң салынбақ. Осының арқасында жеңілатлеттердің барлық оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарын бір кешен аумағында өткізуге мүмкіндік туады.
Естеріңізге салайық, былтырғы алқалы жиынның бірінде облыс әкімі, республикалық жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов Өскеменде елімізде жоқ жеңілатлетикалық кешен салу қажеттігін айтып, құзырлы мекемелерге бұл жөнінде тиісті тапсырмалар берген болатын.
Аймақ басышысы сол кезде «Аталмыш нысанда жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындары мен үлкен жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалмақ. Кешен ішінде асты «Регупол» жабындысы төселген сегіз жүгіру жолағы болады. Ең бастысы, онда білікті бапкерлер қызмет етпек. Негізі, бастапқыда аталмыш кешенді Семей қаласында салмақ болғанбыз. Алайда, ойлана келе, нысанның Өскеменде орналасқаны дұрыс болар деген шешімге келдік. Елімізде жоқ спорттық нысанды, бұйырса 2019 жылдың қазан айына дейін салып бітеміз», – деп мәлімдеме жасаған-ды.