KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 3 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Өскеменде жасөспірім бала полиция қызметкерін тістеп алды

13.03.2019, 09:21 209

 

Өскеменде жасөспірім бала автобуста кондуктормен жанжал шығарып төбелескен. Одан кейін шақыртумен келген полиция қызметкерін тістеп алыпты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

 

Тәртіп сақшыларына әбден есірген баланы «электрошокер қолданамыз» деп қорқытуға тура келген.

 

Оқиға 5 наурыз күні №10 қоғамдық автобуста Бабкина мельница ауданында болған. 13 жастағы Даниил сабақтан кейін автобуспен үйіне қайтып келе жатады. Жол ақысына 45 теңге төлеген баладан кондуктор мектептен берілген анықтаманы көрсетуді талап еткен.

 

Баланың әжесінің айтуынша, немересі анықтаманы үнемі жоғалтып алады екен. Осы жолы да жағдай солай болған. Кондуктор болса, жанжал шығарып, баладан жол ақысын толық төлеуді талап ете бастайды.  Автобустағы жолаушылардың бірі бала үшін тағы 45 теңге төлейді, алайда кондуктордың бұған көңілі толмай, жол бойы ұрсысып келген. Соңғы аялдамада ол Даниилды ұстап алып, фотосуретке түсірмек болады. 

 

-Арпалысып жүріп, баланың сырт киімін жыртып, тіпті, қылқындырып  жіберіпті, - дейді Даниилдың әжесі. – Тимофеев көшесіндегі "Мадина" дүкенінің жанында немереме автобустың жүргізушісі де жұдырық ала жүгірген. Жолаушылардың бірі полиция шақыртады. Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары Даниилға электрошокер қолданып, балағат сөздер айтқан.

 

Полиция қызметкерлерінің бұл қылығына шыдап тұра алмаған жасөспірім олардың бірін аяғымен теуіп жіберіп, екіншісінің саусағын тістеп алады.

 

Өскемен қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі, бұл оқиғаны растап отыр. Алайда олар полиция қызметкерлерінің жасөспірімге қарсы электрошокер қолданбағанын айтып отыр. Тәртіп сақшылары баланы тыныштандыру үшін электрошокердің дыбысын ғана қосқан. Бала, тіпті, әжесінің де сөзіне құлақ аспапты. Ол кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы келгеннен кейін ғана тынышталған көрінеді.

 

Даниил полиция қызметкерлеріне бұрыннан таныс екен. Ол облыстық психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұр. Жиі тәртіп бұзып, жауапқа тартылады.

 

Даниилдың әжесі автобус кондукторының үстінен полицияға арызданып отыр. Оқиғаны көзімен көргендердің арасында жасөспірімді жақтаған куәгерлер де бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив