KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 1 м/с, ОШ
443.35 475.54 4.82

Дауыл туралы ескертуге немқұрайлы қарауға болмайды - мамандар

Фото: ҚР ИИДМ баспасөз қызметі

28.12.2022, 16:00 348 Мадина Амангелдіқызы

Жол саласының мамандары дауыл туралы ескертуге немқұрайлы қарамауға шақырды.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биыл қазаннан бастап көктайғақ және қарлы боран сынды табиғаттың тосын мінезінің салдарынан республикалық жолдарда көлік қозғалысын 150-ден артық рет шектеуге тура келген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті көлік жүргізушілеріне тұрақты негізде дауыл туралы хабарламаларды жіберіп, алыс сапарларға шықпауға кеңес бергенімен, бұған немқұрайлық танытқан адамдар қар құрсауында қалып жатады.

Республикалық маңыздағы автожолдар қысқы күтіп ұстау кезеңіне ауыстырылған сәттен бастап, жол саласының мамандарды күре жолдың бойында 600-ге жуық адамға көмек көрсеткен екен. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына байланысты 232 көлік жылы бокстарға орналастырылса, 563 адам жылыту пункттеріне жеткізіліпті.

Бұл орайда автомобиль жолдарын күтіп ұстайтын қызметкерлердің техникасы көлікті қар құрсауынан шығаруға немесе эвакуациялауға бейімделмегенін ескерте кеткен жөн. Соған қарамастан сала мамандары тиісті ескертуді елемеген жүргізушілердің батып қалған көліктерін шығаруға мәжбүр. Себебі жолды тазалау үшін оның бойында қандай да бір кедергі болмауы тиіс.

Осы ретте биылдан бастап ауа райының қолайсыздығына қатысты көлік қозғалысын шектеу жөніндегі хабарламаны ескермеген тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын айта кету керек. Тиісті өзгеріс Үкіметтің «Жолдардағы көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына енгізілді.

Таяу арадағы мерекелік демалыс күндерінде көптеген адам қаладан тыс жерде демалуды жоспарлайтыны мәлім. Осыған байланысты Автомобиль жолдары комитеті көлік иелерін дауыл туралы хабарламаны алған бойда сақтық шараларын ұстанып, ұзақ сапарға шығуға бас тартуды сұрайды. Сондай-ақ қандай бір жағдайлар туындағанда 1403 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болатынын еске сала кетейік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив