KZ
Өскемен
-7°
переменная облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Автокөлікпен мұзға шығу кезіндегі қауіпсіздік ережелері қандай?

22.01.2023, 16:10 351 Мадина Амангелдіқызы

Қыс мезгілінде мұз өткелдерінде жазатайым оқиғалар жиілей бастайды. Сондықтан ШҚО ТЖД мәліметіне сүйене отырып, мұз өткеліне қалай қауіпсіз шығу керектігі жайлы ақпарат беруді жөн көрдік.

Мұз өткелдері арқылы қозғалу кезінде барлық белгіленген ақпараттық белгілердің талаптарын қатаң сақтау қажет.

Мұзға баяу, тежеусіз шығады. Қауіпсіздік белдіктерін шешіңіз. Көлік есіктерін ашық ұстаңыз. Есіктегі құлып ашық болуы керек және әрбір жолаушы қауіп төнген жағдайда көліктен дереу кетуге дайын болуы тиіс.

Мұз өткелінде тоқтауға, серпіліспен қозғалуға, бұрылуға, көліктерді басып озуға және оларды жанармаймен толтыруға тыйым салынады. Мұздың жүк көтергіштігінен асатын жүктемеге жол бермеңіз. Тұман немесе боран кезінде мұзға шықпаған дұрыс.

Мұз қалыңдығының жүктемеге сәйкестігі - қауіпсіздіктің басты шарты. Жеңіл автомобильдер үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 30 см, жүк көліктері үшін кемінде 50 см болуы тиіс.

 

Мұздың түр-түсіне қарай ажырататын критерийлерді де біліп жүрген абзал. Жасыл немесе көкшіл реңктері бар мөлдір мұз берік болады. Сондай-ақ ашық, қарсыз кеңістікте мұз әрқашан қалың болады.

Ал мұздың түсі сүт тәрізді, лай, сұрғылт, кеуекті болса, мұндай мұз тез жарылып кетеді. Сонымен қатар, мұз ағынды жерде, әсіресе жылдам, терең суларда және жел өтінде тұрған жерлерде, батпақты жағалауларда, тар арналарда, қамыс және басқа да су өсімдіктері өсетін жерлерде жұқа болады.

Жарылған мұз қаншалықты қалың болса да оған шықпаған жөн.

Тұзды суы бар теңіздер мен көлдердегі мұздың беріктігі Тұщы су объектілеріне қарағанда әлдеқайда аз екенін атап өткен жөн. Сондықтан теңіздер (тұзды көлдер) мұзының жүк көтергіштігі бірдей қалыңдықтар үшін шамамен 25-30% төмендеуі керек.

Көктемде сең жүре бастаған кезде, сондай-ақ күзде мұз әлі қалыңдай қоймаған кезде көлікпен мұз өткелінен өтуге болмайды.

"ҚР ІІМ су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері" №34  бұйрығына сәйкес мұз өткелдерінде: балық аулау және басқа мақсаттар үшін тесіктер жасауға, қоршалмаған және қорғалмаған жерлерден өтуге тыйым салынады. Алдымен өткелдің орнын, мұздың қалыңдығы мен беріктігін, жағалаулардың тік болуын және жағалаудағы мұздың күйін анықтау керек. Егер сіздің көлігіңіз мұздың астына түсіп кетсе, дереу көліктен шығып, қауіпсіз қашықтыққа барыңыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу