Неонатолог дәрігерлер біліктілікті арттырудың онлайн-форматын таңдады
Қазақстанда біліктілікті арттырудың онлайн-форматын жүздеген неонатолог дәрігерлер таңдады. «AYALA онлайн-академиясы» неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған алғашқы тегін онлайн-платформаны жасаушылар осындай қорытындыға келді.
2021 жылдың ақпанынан бастап тегін бейне-курстары бар платформада Қазақстанның түкпір-түкпірінен 667 дәрігер тіркелген екен, оның ішінде 117 дәрігер курстарды толық өтіп, сертификат алып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталмыш жобаны AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асырады.
Бұл платформа перинаталдық орталықтардан, перзентханалар мен облыстық ауруханалардан қазақстандық дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне неонатология, реаниматология және педиатрия салаларындағы жетекші тәжірибелі мамандардан курстарға тегін және оңай қол жеткізу үшін жұмыс істейді.
Екі жыл ішінде «Өкпені жасанды желдету және нәрестелерге қарқынды күтім жасау», «Неонатологияда электроэнцефалография мониторларын қолдану», «Сурфактантты аз инвазивті енгізу», «Нәрестелердің жіті асфиксиясы және ауыр гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия», «Госпиталдық инфекция. Жаңа тәсілдер», «Қарқынды терапия бөлімшесіндегі күтімнің негізгі қағидаттары», «Нәресте күтімін дамыту және қарқынды терапия бөлімшесіндегі инфекциялық бақылау» тақырыптары бойынша қазақ және орыс тілдерінде 7 курс өткізілді.
«Шеврон» компаниясының өкілі, қоғаммен байланыс үйлестірушісі Жанар Қошпанованың айтуынша, «AYALA онлайн—академиясы» қашықтықтан басқарылатын технологияларды қолдану арқылы және іс жүзінде жұмыстан қол үзбей білім алуға мүмкіндік беретін бірегей жоба болып табылады.
2023 жылы платформада офтальмологтар, УДЗ мамандары мен реаниматолог-неонатологтар үшін тағы 4 тегін курс пайда болады.
«AYALA онлайн-академиясы» порталының басымдығы неде?
- барлық курстар блоктарға бөлінген, бұл материалды игеруге көмектеседі;
- тіркеуден кейін дәріс ақпаратына қол жеткізу 2 ай бойы ашық тұрады, оны шағын үзінділермен тыңдап өтуге, қажет болған жағдайда жазбаға оралуға болады;
- әр дәріске таныстырылым материалдары ұсынылады;
- лектормен кері байланыс мүмкіндігі;
- әрбір блоктан кейін және курстың соңында міндетті тест тапсырмасы түрінде меңгерілген материалды бақылау көзделген;
- курсты аяқтағаннан кейін тыңдаушылар сертификат алады.