KZ
Өскемен
-21°
туман жел 1 м/с, СБ
499.22 519.14 5.64

ШҚО-дағы әкімдердің рейтингі жарияланды

6.04.2023, 17:03 673 Ләззат Қанатқызы

Әлеуметтік желі билік пен халық арасындағы берік байланыс құралына айналғалы қашан?! Әу баста бұл арадағы байланысты нығайтуға өзіндік септігін тигізер деген үміт те болған. Алайда тұрғындар өздері жазған пікірді таба алмай қалатын, тапса да жауап ала алмай қалатын жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес.

Әлеуметтік желілерде 100% тіркелген ШҚО-дағы әкімдердің белсенділігін бізде байқап көрдік.

Айта кету керек, рейтинг қала және аудан әкімдері мен олардың баспасөз қызметінің халықпен кері байланыс жасауы, әлеуметтік желіде атқарылған жұмыстармен бөлісуі және пост астындағы пікірлер бойынша жасалған.

Ендеше, 2023 жылдың 3 айының нәтижесі бойынша көш бастап тұрған – Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. Шаhар басшысының өзі де, аудиториясы да өте белсенді екені белгілі. Жақсылық Омарды «блогер-әкім» деп атасақ артық айтпаймыз. Парақшасына түрлі сұрақ қойып, пікір жазған тұрғындармен өзі болмаса да, әкімдіктің бөлімдері жиі кері байланыс жасап отырады.

Ал екінші орынға Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов жайғасты. Аудан әкімінің парақшасынан тұрғындардың сауалына жауап беріп, үнемі кері байланыс орнататынын көруге болады.

Атқарылған жұмыстары мен халықпен кездесулерді жиі бөлісетін Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев 3-ші орынды алып тұр. Жиі пост салғанымен, әкімге жазылған пікірлерді көзіміз шалмады. Аудан халқының белсенділігі төмен бе, әлде түрлі пікір оқығанды ұнатпайтын әкім парақшасын жиі тазартып отыра ма, ол жағы бізге беймәлім болып қалды.

4-ші орында – Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан. Ауданда жасалған жұмыстарды сапалы видеолармен жиі көрсететін әкімге де көп пікір жазылмайтын болып шықты.

5-ші орында – Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин. Аталған әкімнің әлеуметтік желідегі жарияланымдары да, құр смайликтер мен мақтау-мадақтау комментарийлері де көп екен. Соған қарағанда, аудан халқы әкім мырзаға дән риза сияқты.

Жаңа аудан болып еншісін алған Тарбағатай өңірінің әкімі Дархан Жөргекбаев рейтингтің 6-шы орнына тұрақтады. Тарбағатайлықтар да әкімнің парақшасына бір-екі ауыз мадақ сөздерімен жиі ризашылықтарын білдіретінін көруге болады.

Мұндай жағдай Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышовтың парақшасында да кездеседі. 7-ші орынға тұрақтаған әкімнің посттарының астында да түрлі қошеметтеген смайликтер мен алғыс айтылған комментарийлер жиі кездеседі. Демек, жоғарыда аталған екі ауданда да тұрғындарды алаңдатқан мәселе жоқтың қасы деген сөз бе?

8-ші орында – Зайсан ауданының әкімі Дулат Қажанов. Бұл әкімнің парақшасынан халықтың пікірі екіге бөлінетінін байқадық. Кей тұрғындар түрлі сауалдарымен жүгініп, жауап ала алмай әлек болса, ал кейбірі жоғарыдағы әкімдердікіндей смайликтерді жиі жіберіпті.

Аутсайдерлер қатарында, яғни 9-шы орында – қыс бойы проблемалардан бас ала алмаған Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой тұр. Аталған әкімнің посттар саны да, негатив сарында жазылған комментарийлері де көп. Алайда оларға жазылған жауап жоқ.

10-шы орында – Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов. Бұл әкімнің парақшасынан жергілікті жаңалық пен мәселеден гөрі, республикалық маңызы бар ақпараттарды жиі кездестіруге болады.

Рейтингтің соңғы, 11-шы орнына Самар ауданының әкімі Раджан Сейтқанов жайғасты. Әкімнің парақшасында белсенділік мүлде жоқ. Instagram аккаунтында жарияланған посттар саны аз болса, Facebook парақшасын мүлде жүргізбейтін көрінеді. Кім үшін және қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгісіз. Алдағы уақытта қолға алар мүмкін, күтейік.

Айта кетейік, бұл рейтингте аптаның жұма күні әр аккаунттың жарияланымына, кері байланыс пен аудиториямен жұмыс істеуіне жеке-жеке балл қойылады. Осылайша, апталық қорытынды айға ұласып, нәтиже шығып отырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу