Қазақстан паспортының беделі қандай?
Фото: ult.kz
Елдердің паспорт беделі рейтингісінде Қазақстанның паспорты 53-ші орынға тұрақтады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Finprom.kz хабарына сүйеніп.
Рейтингіде БҰҰ-ға мүше 193 ел мен алты аумақ бар (бірнеше ел бір орынды иеленуі мүмкін).
Қазақстан Республикасының индексі – 91. Индекс неғұрлым жоғары болса, ел паспорты соғұрлым беделді болып саналады. Қазақстандық паспорты бар азаматтар 39 елге визасыз бара алады, ал тағы 52 елде визаны сол елге барған соң рәсімдеуге болады. 107 мемлекетке бару үшін қазақстандықтарға виза қажет.
Әр паспорттың жеке разрядын анықтау үшін рейтинг сарапшылары үш деңгейлі әдісті қолданған:
Мобильділікті бағалау (MS) – визасыз режим (VF), келу визасы (VOA), кіруге электронды рұқсат алу (eTA) және визаны электронды (eVisa) түрде алу, виза үш күн ішінде берілсе;
VF және VOA бағалаулары;
БҰҰ Даму бағдарламасының адам әлеуетін дамыту индексі.