Құранның өртелуі: БҰҰ қатаң қаулы қабылдады
Фото: aa.com.tr
Швеция полициясы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, маусымның 28-і күні Стокгольмдегі мешіттің сыртында Құранды өртеуге рұқсат берген.
БҰҰ Бас Ассамблеясы қасиетті кітаптарды қорлау жөніндегі кез келген актілерді айыптайтын және мұндай әрекеттерді халықаралық құқық нормаларын бұзу деп танитын қаулы қабылдады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Марокко бастамашы болған құжатты БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қабылдады. Қаулыда, атап айтқанда, «адамдарға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері діни көзқарастары немесе сенімдері негізінде, сондай-ақ олардың діни рәміздеріне, қасиетті кітаптарына, үйлеріне, кәсіпорындарына, мүлкіне, мектептеріне, мәдени орталықтарына немесе ғибадат ету орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттері, сондай-ақ діни орындарға жасалған барлық шабуыл» қатаң түрде айыпталады.
Құжат авторлары мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құранға қарсы арандатушылықты айыптауға шақырып, оларды «діни өшпенділік актілері» деп сипаттады.
Еске салайық, Швеция полициясы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, маусымның 28-і күні Стокгольмдегі мешіттің сыртында Құранды өртеуге рұқсат берген.
Ақпан айында полиция Түркия мен Ирак елшіліктерінде Құран өртейтін екі іс-шара өткізу туралы өтініштерді лаңкестік әрекеттер қаупіне байланысты қабылдамады. Кейін Швеция соты бұл шешімді заңсыз деп атады.
Қаңтар айының соңында да Данияның исламға қарсы «Страм Курс» («Қатаң курс») партиясының жетекшісі Расмус Палудан Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеп жіберген болатын. Осыдан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған былтыр мамырда НАТО-ға мүшелікке өтініш берген Швециядан бұл мәселеде Анкарадан қолдау күтпеуді сұрады.
Өткен аптада Құранның өртенуіне наразы болған мұсылмандар Швецияның Бағдадтағы елшілігіне шабуыл жасаған болатын.
Швецияның Иран мен Катардағы елшілері мемлекеттердің сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Дипломаттарға екі елдің Құранның өртелуіне наразы екені және қасиетті кітапты қорлаушының ісін айыптайтыны жеткізілді.
Көп ұзамай Копенгагенде Ирактың Даниядағы елшілігі ғимаратының алдында да Құран кітабын өртеу акциясы өткені белгілі болды.