Өтер жылда өнім бар, келер жылдан күтер көп – ШҚО Мәслихат сессиясы
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет қаражатын бөлу мәселесі қаралды. Сессияға аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархат Бельбеев облыстық бюджетке қандай өзгерістер енетінін баяндады.
Атап айтсақ, білім беру, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларына жұмсалмақ.
Айталық, Зайсан ауданындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар жеңілдікпен жол жүру үшін 6,1 миллион теңге бөлініп отыр.
Әлеуметтік және арнайы жұмыс орындарын ашуға 16,8 миллион теңге, Өскемендегі 19 шағын аудандағы 600 орындық мектепке инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тартуға 15,7 млн.теңге қаралды. Ал Жаңа Бұқтырмадағы 200 орындық мектеп құрылысына 200 млн.теңге жұмсалмақ. Өңірлік психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығына 45,4 миллион теңге бөлінді.
Сондай-ақ энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы маңызды мәселелерді шешуге назар аударылады. Өңір депутаттары бюджеттің осы жұмсалу бағыттарына толық қолдау танытты.
Ербол Нұрғалиевтің пікірінше, алда жаңа мақсат-міндеттер тұр, оларды іске асыру үшін ішкі тұрақтылықты сақтап, аянбай еңбектену керек.
Сессия барысында Шығыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ережені бекіту мен облыстық мәслихаттың 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына өзгеріс енгізу туралы мәселелері талқыланып, оң шешімін тапты.
Ажар Сағатбекова