Отандық өнімдердің үлесін арттыруға күш салмақ - ШҚО
Бүгін Өскеменде Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда негізінен сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаузалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
– Комитетіміздің бұл жолғы отырысын Өскеменде өткізудің өзіндік себебі бар. Өйткені кейінгі жылдары бұл өңірде сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытында белгілі бір дәрежеде жеткен жетістіктер бар. Кеше Шығыс Қазақстан облысына келген бетте осындағы бірнеше шаруашылықты аралап көріп, жұмыстарымен таныстық. Мәселен, ғылыми негізде майлы дақылдардың тұқымдарын дайындаумен, сондай-ақ өсірумен айналысатын шаруашылықта болдық. «Восток молоко» зауытында болып, сүт өнімдерін шығарудағы басқа өңірлерге үлгі боларлық жетістіктерге көз жеткіздік. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі ең үлкен стартегиялық мақсаттарымыздың бірі болғаннан кейін бұл бағытқа айрықша мән берілуі қажет. Соның ішіндегі сүт өнімдерін өндіру мәселесі бүгінгі отырыстың негізгі тақырыбына айналды. Өкінішке қарай, нарығымызда отандықтан гөрі, сырттан әкелінген өнім көп. Бұл жасырын емес. Сондықтан алға қойған мақсаттарымыздың бірі – Қазақстан халқын 100 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз ету. Бұған мүмкіншілігіміз жетеді. Соған қол жеткізу үшін нендей жұмыстар жүргізу қажет, қандай кемшіліктеріміз бар? Осының бәрін бүгінгі кеңейтілген отырыста ортаға салып, талқыладық, – деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.
Алқалы жиынға Парламент Мәжілісі аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған депутаттар, ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Сондай-ақ өзге облыстардың өкілдері де онлайн қатысып, мәселені талқылап, пікір алмасты.
Оқи отырыңыз