Ұлан ауданында өндірістік кооператив ашылды
Өңір жұртшылығы биыл ауыл халқының қал-ахуалын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» деп аталатын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасының игілігін көре бастады. Соның нәтижесінде түрлі бағыттағы ауыл шаруашылығы нысандарының ісі ілгеріледі.
Мәселен, Ұлан ауданының Донское ауылында өндірістік кооператив ашылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кәсіпкер Шалқар Қожахметов бағдарлама аясында несие алуға үлкен дайындықпен келген. Өтінім берместен бұрын кепіл ретінде жарамды мүлік болып есептелетін мал өсіретін база салған. Ірі нысан қос қапталдан тұрады – кәсіпкердің отбасына бір бөлек, кооператив жұмысшыларына бір бөлек бөлме салынған. Ірі қараны бордақылауға арналған қораның құрылыс да талапқа сай келеді. Кәсіпкер облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сенім білдірілген агенті «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы 27 300 000 теңге несиеге қол жеткізіп, бордақылауға 78 бас етті бұқа сатып алған. «Донское» кооперативінің төрағасы жеңілдікті несие зор қолдау болды деп отыр.
Жергілікті ветеринар маман тексерулер жоспарлы түрде жүргізілетінін, екпе уақыты да қатаң қадағаланатынын айтты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары жарияланып, түкпір-түкпірдегі ауыл-аудандармен жұмыс жүргізілген соң өтінім беремін деген ауылдықтарға кеңес беріп, бағыт көрсеткен, құжаттарының толық әрі заңды болуын қадағалаған жергілікті атқарушы орган – әкімдіктер болғанын айтуымыз керек.