Аяз атаның отаны Алтай ма?
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Жалпақ жұрт асыға күтетін жаңа жыл да келіп жетті. Бірнеше тәуліктен соң дөңгеленген дүние тағы бір жылды артқа тастамақ. Ал балалардың күткені аязата мен ақшақар. Бірі оны аңыз ата десе, бірі нағыз ата деген сенімде. Десе де бала көңілін баққан шығыс жұрты Алтайда аязата резиденциясын ашып тастады. Ендігі кезекте аязатасын іздеген балалар сонда бармақ.
Аязатаның қайдан шығып, қайда баратыны туралы аңыз көп. Бала біткен бабасынан артық білетін осы бір аңыз кейіпкерді әркім өз отанының кейіпкері санайды. Сол арқылы думанды мерекені меншіктегісі келетіндей. Тарихи деректердің тамырына бойлап көрсек аязата Алтайға да жат емес секілді. Шырша тойы туралы дәлелденбесе де ел ішінде дәйекті дерек көп. Соның бірін тарихшылар былай өрбітеді: «Ғұндармен қатар өмір сүрген Хан патшалығы кезінде (бзд. 206ж — 220 ж.) жазылған «Ханнама» (Ханшоу) тарихи кітабында Ғұндар туралы дерек жетерлік. Сонда баяндалғандай: күз айлары көшпенділер үшін мереке, жатақ қытайлар үшін тозақ болған. Ғұн ерлері егіні мен жемісі пісіп, орақ науқанын аяқтаған қытайларды шабуға аттанар алдында үлкен ағашты айнала Тәңірге тәу етіп, қытай қамбаларын келістіріп тонап қайтатын. Бұл жортуыл қыс түскенше жалғасқан. Жеңіс тойын да алып самырсындар мен қарағайларды айнала от жағып, тұлпарларымен айнала шауып, мереке көркін қыздырып отырған. Ол дәстүр Көк Түріктерге жалғасып, жорық жеңістерін, ұлы наурыз тойын Ордос алқабында қаулай өскен самырсын мен қарағайларды айнала от жағып, қобыз тартып, бақсылар жын шақырып, керемет мерекелейтін болған».
Міне, бұл қазіргі жаңа жыл мерекесі туралы ежелгі деректердің бірі. Осыдан-ақ адамзаттың алтын бесігі болған Алтайға аязатаның жат емес екендігін болжауға болатындай. Сондай-ақ тағы бір аңыз тиіпті тарихи деректерде шырша айналып, той-тойлау дәстүрін Европаға біздің батыр бабалар апарған деседі. Қазақ даласы мәйекті мәдениеттің ошағы болғандығы туралы деректер жетерлік. Айталық, Алтайдағы Берел қорғаны мен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекеніндегі ғұн, сақ қорғандарынан табылған артефактілер біздің бабаларымыздың бұдан 5-6 мың жыл бұрын-ақ, дүние жүзінде алғаш рет жабайы аттарды қолға үйретіп, сары қымызды сапырып ішкендігін АҚШ, Ресей, Франция және ағылшын ғалымдары мойындауға мәжбүр болды. Осы қатарда біздің байырғы мәдениеттің бір бөлшегі Алтайдағы шырша айналу тойы да Европаға жеткен деседі. Осындай деректерді індетер болсақ шырша тойында келер Аязата мен ақшақарды Алтайға жат дей алмаймыз. Сондай-ақ Оралхан Бөкейдің Алтайдағы «қар қызын» жазуы да тегін болмаса керек-ті. Қар қызы мен Ақша қардың бір типтегі образ екендігін ескерсек, бұл да айтар ойымызды айғақтай түспек.
Шырша тойы түркілерден шыққан ба?
Шырша тойы Алтайдан бастау алды дейтін болсақ, түркілердің терең тарихы мен мәдениетіне үңілуге тура келеді. Түркілердің терең тарихының парағын ақтарған адам аңызды да, ақиқатты да жолықтыра алады. Соның бірі – бүкіл әлем түркітанушыларын мойындатқан мәскеулік ғалым Мурад Аджи археологиялық жәдігерлерге сүйеніп, көне түркілердің шырша ағашын қасиетті санағанын дәлелдеген. Сондай-ақ алғаш рет қарағай мен самырсын ағаштарынан үй салып, тұрмыстық қажеттілікке жаратқан да түркілер екені мәлім. Сөз төркінінің түбіне бойлар болсақ «Ель» – шырша деген орыс сөзінің өзі түркінің «иол, ёл» – жол деген сөзінен шыққан екен. Шыршаның жоғарғы ұшы садақтың жебесіндей аспанға бағытталған, яғни Жер мен Аспан арасындағы жолды көрсетеді деп санаған. Ал ақ сақалды Үлген (Үлкен) қария қызыл шапан киіп алып, атпен шыршаны айналатын болған. Ал оның аяғында пима, басында бөрік, белінде белбеу болғанын археологтар қазба жұмыстары барысында дәлелдеген. Бұл жердегі түсінік те табиғатпен тамырлас, біздің болмысымызбен тікелей байланысты екенін байқауға болатындай. Өйткені, ежелгі түркілердің танымы бойынша, шырша құдайлардың жер асты әлемін адамдар әлемімен жалғастырушы ретінде қадірленген. Шырша тойын 25 желтоқсанда тойлаған түркілер түнді күннің жеңуімен байланыстырған. Бұл үрдіс қазір де бар. Дәл қазіргідей шырша орнатып, оған түрлі-түсті маталар байлаған. Құдды қазіргі сәнді жылтырақтар іспетті. Оның жанына сыйлықтар да қойған. Осыдан кейін дәл қазіргідей айнала қол ұстасып би билеп, «Корачун, корачун – қысқарсын» деп ән салған. Осылайша күннің ұзарып, түннің қысқарғанын тілеген. Бұл зерттеушілердің зерттеп, зерделеген деректері. Осыдан-ақ түркілердің мәдениетінің тамыры тереңде екеніне күмәнсіз сенуге болатындай. Қалай болғанда да шырша тойы түркілерден шыққан деуге де толық негіз, алға тартар осындай дерек көп.
Алтайда аязата резиденциясы ашылды
Биыл Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы музей-қорықтың Сол жағалау кешенінде Аяз ата резиденциясы ашылды. Бұл жоғары да біз айтқан ойды қуаттай түсетін іс-шараларды бірі болды. Онда жаңа жылдық шырша жағылып, жиналған жұрт концерттік бағдарламаны тамашалады. Аяз ата резиденциясының ашылу кешіне жиналған жұрт жаңажылдық жарық шамдарды тамашалап, ойындар ойнады. Сондай-ақ көрермендер үшін қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Жұртпен бірге Аязата резиденциясына келген облыс әкімі қолөнер иелерімен тілдесіп, естелікке бұйымдар сатып алды. Жастар арасында викториналық ойындар ойнатылып, би жарыстары өтті. Бұл жерден кез келген адам жаңажылдық көңіл-күйді сезініп қайтуға болатындығы көріп қайттық.
– Мереке мен мейрамның бәрі жақсы. Десе де соның ішінде Жаңа жылдың орны ерекше. Қалай болғанда да, Жаңа жыл адамға жаңа энергия, күш сыйлайтындай көрінеді. Сондықтан да жұрт асыға күтеді. Алдағы жыл барлығымызға жақсылық әкелсін, – дейді қала тұрғыны Жанерке Тілеуханова.
Сол бір салтанатты кешке аймақтың әр ауданы мен қаласынан Аяз аталар Ақшақарын ертіп келіпті. Солардың ішінде басты жаңажылдық сиқыршының рөлі Катонқарағай ауданынан келген Аяз атаға тапсырылды.
Сондай-ақ, сол күні, яғни, 22 қаңтарда ел алдағы мерекені сезінсін деген мақсатта Өскемен қаласындағы жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды. Шырша шамын жағуға жиналған жұрт жаңа жылдық кешті ертегі кейіпкерлерімен бірге қарсы алды. Бір байқағанымыз «Шырша шамы, жарқыра!» атты кешке жиналған жұрттың қарасы көп болды. Аяз атаға деген елдің қошеметінен Жаңа жылды жұрт асыға күткендігі көрініп тұрғандай. Ақшақармен бірге ән салып, би билеп, шырша жамын бірге жақты. Кеш Ертөстік бастаған ертегі кейіпкерімен әспеттеліп, театрлық қойылмыдармен жалғасты. Әншілердің әнімен, бишілердің биімен жалғасты.
Осыдан-ақ бұл меркені жалпақ жұрт жақсы көретіндігі көрініп те, сезіліп те тұр. Десе де бұл мерекені мұсылмандыққа жат көретіндер бар. Біз осылай деп екі ойдың жетегінде жүргенде көрші айыр қалпақты қырғыз ағайындар 2-3 рет Дүниежүзілік Аяз ата мен Қарша қыз фестивалін өткізіп тастапты. Ондағы мақсттары «Аяз атаның Отаны – Қырғызстанның Ыстық көлі маңында!» дегенді насихаттау екен. Ал Алтайда шырша тойы тойланғаны туралы деректер бола тұра мерекені өзімізге меншіктеуге бойкүйездік танытып келеміз. Адамзаттың мекені болған Алтайда шырша тойы тойланып, аязатаның отаны аталса артық болмас. Біздің мақсат білгенімізді оқырман қауымға жеткізу.
Мерекелі күндер көп болса, берекелі күндер де көп болмақ. Жаңа жыл құтты болсын!