KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
488.26 530.54 5.03

"Кэмонт" отандық өндіріске қолдау көрсетуді ұсынып отыр

5.01.2024, 14:00 153

Бүгін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі электротехникалық құрылғылар шығаратын «Кэмонт» АҚ жұмысшыларымен кездесіп, цехтармен, технологиямен және шығарылатын өнім үлгілерімен танысты.

Еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірінен саналған бұл зауыттың қазіргі жағдайы мәз емес, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бір кездері өндірісі өрге басқан компанияның өнімдеріне деген сұраныс кейінгі жылдары азайып кеткен. Соның салдарынан біраз қиындықтар туындаған. Зауыттың өз жұмысшылары алдында жалақы қарызы жиналған. Сонымен қатар кәсіпорынның өзге мекемелер алдында да орындамаған міндеттемелері үшін берешегі бар.

Нұрымбет Сақтағанов еңбек ұжымының өкілдерімен сөйлесіп, кәсіпорында өндірістік қызметті қалпына келтіру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын білді. Қазір компания қарыздарына қатысты іс сотта қаралып, несие беруші банкпен арада келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда «Кэмонт» АҚ-да 341 адам еңбек етуде. Компания басшылығы жұмысшылардың жалақысын төлеуден қашпайтынын, өткен желтоқсан айының еңбекақысын біртіндеп төлеп жатқанын мәлім етті.

– Қазір біздегі ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Одан кейін жергілікті тауар өндірушілерге қолдау болса деген тілегіміз бар. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлер немесе басқа да нысандар салып жатқан құрылыс компаниялары, ірі өндіріс ошақтары қажетті материалды шеттен тасымалдамай, өзімізідң отандық өнімдерді алса. Біз өндіріп жатқан сапасы жоғары электротехникалық құрылғыларды қолданса екі жаққа да тиімді болар еді. Отандық өндіріске қолдау көрсету деген осы ғой, – дейді  «Кэмонт» АҚ бас директоры Елена Беленцева.

Зауыт ұжыммен кездесіп, тілдескен ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов кәсіпорындағы қалыптасқан жағдай аймақ басшысының жіті назарында екенін атап өтті.

Компания басшылығы шығарылатын өнімді Шығыс Қазақстан аумағында квазимемлекеттік және жеке сектор кәсіпорындары, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алмайтынын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив