Шетелдіктер асырап алған шығысқазақстандық балалардың саны қанша?
Фото: bing.com
Ресми статистика бойынша Қазақстанда шетелге бала беру 1999 жылы басталған.
Әсіресе, 2000-жылдардың басында Шығыс Қазақстан облысынан бала асырап алуға ниетті шетелдіктер күрт көбейе түскен. Сол жылдары облыстағы сәбилер, балалар үйі жыл сайын 80-100 ге тарта баланы шетелге шығарып салған. 2009- жылы ғана шетелдік азаматтар облыстан 120 сәбиді асырап алып, шетелге әкеткен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыстан шетелдіктер: 1999ж -38, 2000ж-61, 2001ж -86, 2002ж- 86, 2003ж- 79, 2004ж -80, 2005ж -89, 2006ж- 82, 2007ж- 64, 2008 ж-107, 2009ж -120, 2010ж -95, 2011ж -15, 2012ж -0, 2014ж-11, 2015ж-6, 2017ж-1, 2018ж-4, 2019ж-11 бала асырап алған. Балалар АҚШ, Италия, Испания, Канада, Англия, Бельгия т.б басқа шет елдерден келген отбасыларға берілген.
1999 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы балалар үйінен шетел азаматтарымен барлығы 1030 бала асырап алынған.
«2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін шетел азаматтары бала асырап алуды жүзеге асырмаған» деп жауап берді Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы И.Чернышева газет редакциясынан жолданған сауалдарға.
Ресми мәліметтер бойынша 1999-2020 жылдар аралығында Қазақстаннан 9000 ға жуық бала шетелдіктерге асырауға берілген. Олардың біразының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Қазақ балаларының көбісінің есейіп, ер жеткендегі қазіргі өмірінің жарқын сәттері туралы, біразының қайғылы оқиғаларға душар болып жатқаны туралы да ақпараттар бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысында туып, америкалықтардың асырауына берілген 1997-1999 жылдары туылған Тимур мен Дамир Вашингтон штатында өздерін асырап алған азаматтың қолынан қаза тапқан болатын. Тағы да сол АҚШ тың Массачусетс штатына қарасты қалада америкалықтарға берілген қазақстандық ұл мен қызға оларды асырап алған ерлі -зайыптылар зорлық- зомбылық көрсеткені белгілі болды.
Жанаргүл Мұқатай