Сенатор шетелдіктер асырап алған балалар туралы зерттеу жүргізуді ұсынды
фото: primeminister.kz
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында бір топ депутат Үкімет басшысы мен бас прокурорға шетелдіктер асырап алған балалардың тағдыры туралы депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор Дархан Қыдырәлі 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі сауалында Бас прокуратура шетел асқан балалар туралы 2014 жылы арнайы тексеріс жүргізгенін, алайда оның нәтижесі беймәлім екенін айтты.
Осы ретте сенатор журналист Жанар Байсемізова жүргізетін «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын атап өтіп, жақында қоғамда резонанс туғызған бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек Савельевтің оқиғасын мысалға келтірді.
Қазақстан шетелдіктер асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық конвенциясын ратификациялады. Депутат Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйеніп, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алғанын айтты. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда бір бала сыртқа шыққан.
Депутаттың айтуынша, өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес.
Осыған орай бір топ Сенат депутаты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен кеңесе отырып, төмендегідей ұсыныстар берді:
- 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу;
- Санда бар санатта жоқ балалар туралы мәлімет-деректерді жаңалау;
- Шетел асқан балаларға тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету, қажет болса ата-аналарын табуға көмектесу;
- Олар ата-аналарын көріп тұрулары үшін ведомствоаралық келісімдер жасау, елшіліктер арқылы қолдау;
- Кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда Қазақстан азаматтығын алуы үшін олардың таңдауына көмектесу.
Депутат заңға сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша Премьер-министр мен Бас прокурордан толық жауап беруін сұрады.
Жанаргүл Мұқатай