Асубұлақтағы Мәдениет үйі отыз жылдан кейін жөнделді
Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылының Мәдениет үйі жөнделді. Бұл нысан отыз жыл бойы жөндеу көрмеген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындары сайлау науқаны кезінде «AMANAT» партиясының өкілдеріне өтініш білдірген көрінеді. Соның нәтижесінде тозығы жеткен нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Асубұлақтағы Мәдениет үйін жөндеу өткен жылы шілде айында басталған, жыл соңында аяқталды. Партияның өңірлік филиалы ұсынған деректерге сүйенсек, жөндеуге 68 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Жаңарған ғимаратта кітапхана, балаларға арналған түрлі үйірмелер, музыка мектебінің филиалы, спорт секциялары жұмыс істейді.