Қандастарға мемлекеттен қандай көмектер беріледі?
Фото: kyn.kz
Елімізде қандастар мен қоныс аударушыларды Ұлттық жобалар шеңберінде құрылған жұмыс орындарына, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру көзделген. Сондай-ақ қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдау жөніндегі шығыстарын жабуға арналған субсидиялармен қатар, басқа да жеңілдіктер беріледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем, 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге 15 АЕК- тен 30 АЕК-ке (55 380 тг.-ден 110 760 тг. дейін) дейін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.
Ағымдағы жылдан бастап облыста қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу мақсатында еңбек күші артық және тапшы өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алгоритмі енгізілген.
Алгоритм келесідей міндетті іс-шараларды қамтиды:
- қоныс аудару өңіріне көшу және орналастыру (келу күні, тасымалдау түрі, келетін отбасы мүшелерінің саны);
- материалдық көмектерді, оның ішінде экономикалық мобильділік сертификатын рәсімдеу;
- тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ қажетіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру;
- экономикалық мобильділік сертификаты арқылы төлемдер жүргізе отырып, отбасының тұрақтап қалуы үшін тұрғын үй іздеу және іріктеу;
- отбасы мүшелерін бейімдеу және интеграциялау.
Яғни, алгоритмде әрбір қандас пен қоныс аударушылар көшкен сәттен бастап барлық қарастырылған бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсету қамтылған. Ол 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты, әр қала мен ауданда қызметтерін көрсететін салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жауапты өкілдер анықталыпты. Алдағы бес жыл бойы аталған қызмет барысына мониторинг жүргізілмек. Ол үшін әлеуметтік әл-ауқатты қадағалауға арналған арнайы мобильді қосымша іске қосылған.
Айта кету керек, өткен 2023 жылы ШҚО бойынша 631 адамға өңірлік квота енгізіліп, 84 отбасы тарихи отанына оралған.