KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
529.99 546.63 5.21

Балабақшадағы бұзақылыққа байланысты қылмыстық іс қозғалды

pixabay.com

24.02.2024, 22:00 237 Назерке Каримова

Балабақша меңгерушісі де, тәрбиеші де уақытша жұмыстан шеттетілген.

Ал топтастары жабылып ұрып, тепкілеген бүлдіршін ауруханада жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбі күні Алматыдағы №51 балабақшада жаға ұстатар жағдай орын алды. Бұл видео әлемжеліде желдей есіп, көпшіліктің талқысына түсті.

Түскі уақытта 3-4 жастағы қараусыз қалған балалар өз тобындағы бір бүлдіршінді жабылып соққыға жыққан. Орындықта отырған бүлдіршінді топтағы бір бала жерге құлатып, артынша ұрып, кейіннен тоқтамай тебеді. Оның бұл әрекетін көрген өзге балалар да жерде жатқан баланы қоса аямай ұра бастайды.

Видеода тіпті еденде жатқан баланы көріп тұрып тоқтамай өтіп кеткен тәбиешіні де байқауға болады.

Зардап шеккен баланың анасы ұлының басында түйдек-түйдек боп қан ұйып қалғанын айтады. Оған түс кезінде хабарласқан тәрбиеші баланың үстелге соғылғанын айтқан. Артынша бейнебақылау камерасын көріп, оқиғаның мән-жайын өз көзімен көрген.

Бүгін бұл топтағы 25 баланың тең жартысы балабақшаға келмеді. Өйткені ата-ана баламыз қараусыз қалып, одан көз жазып қаламыз ба деп қорқады.

Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Балабақша меңгерушісі де, тәрбиеші де уақытша жұмыстан шеттетіліпті.

- Тәрбиеші баланы жалғыз қалдырмауы керек еді. Меңгеруші өз тарапынан тәрбиеші топта жоқ болса, орнына басқа адамды қоюы керек. Қазір Полиция департаменті іс қозғап отыр, іс біткен кезде бүкіл шараларды қолданамыз, - дейді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.


240 бала тәрбиеленіп жатқан бұл №51 балабақшада 12 тәрбиеші бар. Соның ішінде тек 1-2 ғана тәрбиешінің көмекшісі бар екен. Ал қараусыз қалған топқа бірден жаңа тәрбиеші мен оның көмекшісі қабылданыпты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу