KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2,7 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

ШҚО мұғалімдері халықаралық зерттеуге қатысады

Сурет: ШҚО білім басқармасы

5.03.2024, 16:19 147

Ең ірі халықаралық ғылыми жобалардың бірі TALIS әлемдегі мектеп жүйелерін халықаралық сәйкестендірудегі маңызды ақпараттық олқылықтардың орнын толтырады. Бұл зерттеуге қатысу мұғалімдер мен мектеп директорларына білім беру жүйесін талдауда және саясаттың негізгі салаларында шешімдерді әзірлеуде дауыс беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Örken» ШҚ аймақтық ақпараттандыру және білім беруді дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы Халықаралық зерттеулер және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Айгүл Мұқанованың айтуынша, 4 -15 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының 17 мектебінің 403 пән мұғалімі «TALIS» халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңіне қатысады.

Олардың ішінде Өскемендегі жеті қалалық мектеп, математика, физика, информатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей бар.

Сонымен қатар Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы 10 ауылдық мектеп.

«Педагогтары халықаралық зерттеуге қатысатын мектептер жобаны ұйымдастырушылардың іріктеуі бойынша анықталады. Биыл сауалнама сұрақтарына негізгі мектепте, яғни 5-9 сынып оқушыларының пән мұғалімдері жауап береді,-деп түсіндірді Айгүл Мұқанова.

Осы орайда Астанада өңірлердегі халықаралық зерттеуді үйлестірушілер үшін TALIS-2024 негізгі зерттеуін өткізуге дайындық бойынша екі күндік семинар-тренинг өтіп, онда қатысушылар зерттеуді өткізу тәртібімен танысты.

Жалпы, Қазақстанда зерттеудің негізгі кезеңіне 2024 жылы 378 мектеп директоры мен 8 мың мұғалім қатысады.

TALIS келесі мәселелерді зерттейді: мұғалімдерді тарту және даярлау, мұғалімдердің жұмыс сапасын бағалау, мектеп басшылығы, оқыту тәсілдері, мұғалімдерді даярлау және кәсіби дамыту, сондай-ақ мұғалімдердің жұмысқа және өзінің оқытуына қанағаттануы.

Зерттеу қорытындысы бойынша 2026 жылы директор мен мұғалімнің әлеуметтік-демографиялық портреті; қазақстандық мектептің портреті; мектептегі тәртіп пен климат туралы мәлімет; мамандыққа кіру, педагогтерді тарту және кәсіби даярлау процесі туралы түсінік сияқты бағыттар бойынша ұлттық есеп жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2018 жылы алғаш рет TALIS халықаралық зерттеуіне қатысып, жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері мен басшыларының сауалнама қорытындысы бойынша жарияланған көптеген ұсыныстар кейінірек «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңда негізге алынған болатын.

 Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив