KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Науқастардың нағыз досына айналған мейірбике

6.03.2024, 09:03 224 Айна Ескенқызы

Майгүл Есмұратова ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында қырық жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқанын мақтанышпен айтады.

Майгүл Төлеуханқызы өзінің еңбек жолын 1982 жылы медициналық колледжді бітіргеннен кейін бірден мейірбике болып бастады және осы жылдар ішінде үлкен кәсіби жолдан өтті. Ол онкологиялық орталықтың реанимация бөлімінде, қан құю кабинетінде жұмыс істеді, содан кейін 15 жыл бойы химиотерапия кабинетінде мейірбике болып қызмет атқарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп.

Қазір Майгүл Есмұратова онкологиялық орталықта аға фармацевт. Оның қарамағында онкологиялық науқастарға тағайындалатын медициналық препараттар сақталатын қойма бар. Жұмыс ерекше назар аударуды, қажырлы еңбекті және жауапкершілікті қажет етеді, өйткені барлық дәрі-дәрмек пен олардың құжаттары мұқият тексеріліп, дұрыс сақталуы, бөлімдерге бөлінуі және қатаң есепке алынуы керек.

– Мейірбике ретінде мен науқастармен үнемі байланыста болдым, олармен тез тіл табыстым, - дейді Майгүл Есмұратова. - Барлық әріптестер мен пациенттер менің қолым «жеңіл» екенін айтады. Фармация бөліміне ауысқан кезде мені көп пациенттер іздепті, олардың мені бағаланғанына ризашылығым шексіз. Аға фармацевт науқастармен жиі қарым-қатынаста болмайды, бірақ мен өз мамандығымды жақсы көремін, сондықтан маған жұмыстың бөтені жоқ.

Фармация бөлімінде де Майгүл Төлеуханқызы науқастарға қамқорлық жасауды бір сәт естен шығарған жоқ. Дәрі-дәрмектің жеткілікті екеніне көз жеткізуге тырысады, өйткені науқастар оларды уақытында алуға тиіс.

- Біздің дәріханада әрқашан қажетті дәрі-дәрмек қоры бар, тұрақты жеткізілім жүйесі орнатылған, сондықтан бізде «жоқ» деген болмайды, - деп жалғастырды сөзін Майгүл Есмұратова. - Біз үнемі онкологиялық орталықтың өзінде де, одан тысқары жерде де білімімізді жетілдіруге тырысамыз. Бірнеше рет Алматыда курстан өттім. Сондай-ақ екі ай бойы Израильде фармация саласында білім алдым.

Майгүл Төлеуханқызы жұмысқа әрқашан қуанышпен баратынын айтады. Онкологиялық орталықта оны күнделікті мейірімді ұжым қарсы алады, оның тәжірибесі бағаланады, еңбегі атап өтіледі. Майгүл Есмұратова бірнеше рет облыс басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасының марапатына ие болған.

– Өз жұмысыңызды жақсы істесеңіз, елеусіз, ескерусіз қалмайсыз, - дейді Майгүл Есмұратова.

Суреттер ШҚО көпсалалы онкология және
хирургия орталығының
баспасөз қызметінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу