Қазақстан қазіргі бессайыстан Азия чемпионатында үш жүлде жеңіп алды
ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өтіп жатқан Азия чемпионатында қазіргі бессайыстан 1 күміс, 2 қола медаль иеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Спорт комитетінің ақпаратына сүйеніп.
Қазіргі бессайыс, пентатлон – бір кешенде бес әр түрлі спорт түрінің бірегей үйлесуі. Ол бағыттылығы және рухы бойынша әр түрлі болып табылатын семсерлесу (эмоция, төзімділік, реакция шапшаңдығы), жүзу (дене шыдамдылығы), конкур (бейтаныс атпен тіл табыса білу), жүгіру және ату (дене төзімділігін, тыныс алуды қадағалау мүмкіндігін, қол шыдамдылығын, сондай-ақ психологиялық төзімділікті талап ететін күрделі құрастырылған бағдарламаның түрі) сияқты спорт түрлерін біріктіреді.
Сеулдегі додада Қазақстан ерлер құрамасы 4450 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Ел намысын Темірлан Әбдірайымов, Темірхан Сәбденбек, Павел Чередов, Никита Живица қорғады. Бұл сында алтын медалді Оңтүстік Корея командасы қанжығасына байлады. Үздік үштікті Қытай түйіндеді.
Сонымен қатар, ерлер арасындағы бәсекеде Темірлан Әбдірайымов жекелей сында 1500 ұпаймен қолаға қол жеткізсе, еліміздің әйелдер құрамасына (3704 ұпай) үшінші орын бұйырды.
Айта кетейік, бұл жарысқа ересектер арасында 63 (ерлер - 34, әйелдер - 29) үздік спортшы қатысып жатыр.