Оны өңірдегі «Багратион-2» шаруа қожалығы өсіріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстағы мал өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалықтарының бірі – Багратион. Қожалық етті, сүтті ірі қара, жылқы мен қойдан бөлек марал өсіреді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырауда Василий Воропай басқарған «багратиондықтар» қазақтың ақбас сиырының тұқымын сақтап қалған.
– Қазақтың ақбас сиыр тұқымын алу үшін 1926 жылдан бастап жұмыстар жүргізіле бастады. Көп жылдық еңбектің арқасында біздің табиғатқа бейімделген тұқым қалыптасып, 1949 жылы құжатпен бекітілді. Нағыз қазақтың ақбас сиырының тұқымы тек осы жылдары алынған. Қазір біздің қожалықта ақбас сиырдың ең алғашқы гені сақталған, – деді «Багратион-2» басшысы Василий Воропай.
Оның айтуынша, қожалық мың бас сауын сиырына арналған қыстық қора салған. Қазір онда 214 ақбас тұқымды сиыр бар. Алдағы уақытта оның санын мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар шаруа қожалығы ақбас тұқымының «Багратион» типін өсіруді жоспарлаған.
– Қазақтың ақбас тұқымының «Багратиондық» типін өсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл алдағы бір-екі жылда бітетін жұмыс емес. Көп іс атқару керек. Сондықтан оны алдағы 5-7 жылдыққа межеледік. Біздің шаруа қожалығы негізінен сүтті, етті ірі қара, марал, жылқы және қой өсірумен айналысады. Бүгінде 800 бас сиыр мен бордақыда тұрған 550 бас бұқа бар. Мыңнан аса марал өсіріп отырмыз. Етті ірі-қара бойынша герефорд тұқымын сатып алдық. Бұл тұқым қазақтың ақ бас сиырының арғы тегі саналады, – деді «Багратион» қожалығы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Әнуар Жұманов.
Аталмыш кәсіпорын өндірістің аяқталған циклімен ерекшеленеді, яғни төрт түлікті өсіріп, одан алынатын шикізатты еліміздің түкпір-түкпіріне дайын өнім түрінде жеткізіп отыр. Ал дайын өнім сапасының жоғары болуына мал күтімінің де әсер ететіні даусыз. Бұл қожалықта қызмет ететін малшылардың барлығы дерлік ауыл тұрғындары.
– Мектеп бітіре салып осында жұмысқа кіргенмін. Қожалықтың құрылуынан бастап, өсу жолында еңбек еттім. Әкем шопан болған. Мен жылқышымын. Жастық шағымда ауылға бармай осы жерде түней беретінмін. Өзімді демалыста жүргендей сезінетін едім. Үйленгеннен кейін үй іші, бала-шаға деп жұмыс кестесін өзгерттім, – деді «Багратион» малшысы Жұмабек Сәдуақасов.
Бүгінгі таңда еліміздегі ірі қара малының саны 5,7 млн бас болса, оның 483 мыңы, 26 млн-нан астам бас ұсақ малдың 717 мыңы, 4,6 млн бас жылқының 234 мыңнан астамы Шығыста өсіріліп жатыр.