Ақбауыр археологиялық кешенінен 2 мыңға жуық жәдігер табылды
Шығыс Қазақстан облысындағы «Ақбауыр» археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қорық аумағынан сақтардың 6 қонысы анықталып, билы №1 қоныста қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аталған қоныстан 2 мыңға жуық қыш ыдыстар мен құрал-сайман қалдықтары табылған. Мамандар ендігі мәселе, ерте замандағы сақтардың қонысының үстіне шыны саркафог салудың қажеттілігі туындап отырғанын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда ерте темір дәуірінде бұл өлкені мекендеген сақ тайпаларының бірнеше жүз ескерткіштері және алты бірдей қонысы анықталып отыр. Олардың біразына қазба жұмыстары жүргізіліп, ерте замандық өркениеттің қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары мен құрал-саймандар табылған.
– Бұл жерде 2019 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы Қоржынбай тауының айналасында сақтардың 6 қонысы бары анықталды. Биыл соның ішінде №1 қонысқа зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта 1400-ге жуық керамика ыдыстар мен заттардың қалдықтары табылды. Олардың арасында өрнектелген ыдыстардың да қалдықтары бар. Ал 300-ге жуық құрал-сайман сынықтары да мұражай жәдігерінің қоржынына түсті. Олардың іщінде тастан жасалған кетпен сынықтары, балта мен балға сынықтары және өзге де құрал-саймандар бар. Мамандар барлығын тізімге алып, зерттеуге дайындап жатыр. Бұл бір ай жарым уақыт ішінде қолға түскен құнды олжа, биылғы маусымдық жұмыс аяқталғанға дейін жәдігерлер саны екі есе арта түседі дегенге сеніп отырмыз. Ендігі мәслесе, осы қоныстардың үстін шыны саркофагпен жабу болып отыр. Өйткені қоныстарды жаңбыр суы шайып, ежелгі келбетін өзгертіп, тоздырып барады. Біздің мақсат байырғы мәдени құндылықтарды қалпында сақтап қалу болып отыр. Сондықтан да алдағы жылдың жоспарына қоныстардың қалпын сақтап қалу үшін, саркофаг жасау жағын кіргізуді көздеп отырмыз, – дейді ШҚО «Облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарихты, археологияны және этнографияны ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің тарихшы маманы Шұғыла Меделбекқызы.
Археологиялық қазба жұмыстарына мамандар мен бірге осы саланың студенттері де келіп қатысып жатыр. Олар жаз бойын жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап қайтпақ.
– Бізбен бірге студенттер де археологиялық қазба жұмыстарына қатысып жатыр. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 1 курс студенттері 2 апталық практикадан өтіп кетті. Ал жоғары топтың бірнеше студенті жұмыс істеп жатыр. Жаңбыр жауып ауа райы бұзылса жұмысымызға кедергі болады. Ыстық та оңайға соқпайды. Десе де біздің мақсат тарихтың қатпарына үңіліп, архологиялық жәдігер табу болғандықтан ерінбей жұмыс істеудеміз. Белгіленген тәртіп пен талап бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Табылған жәдігердің қай жерден, қай аумақтан, қаншалықты тереңнен шыққанын бәрін тіркеп жазып, зертханалық жұмысқа жіберіп отырамыз, – дейді ғылыми қызметкер Шуақ Меделбекқызы.
Ақбауыр археологиялық кешені ескерткіштеріндегі жұмыстар ерте көшпенділердің мәдениетіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Қорық аумағында әр түрлі уақыттағы ескерткіштер бар, олардың арасында халық егіншілікпен, мал шаруашылығымен және металлургиямен айналысқан ерте темір дәуіріндегі әртүрлі елді мекендер үлкен маңызға ие. Археологиялық ескерткіштерді зерделеу нәтижесінде Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар көптеген құнды деректер жинақталмақ.
Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері елдің әр түкпірінде археологиялық зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Археологтар тапқан жәдігерлерс осылай мемлекетіміздің рухани дамуына үлкен үлес қосуда.