Карантин кезінде санитарлық бекеттерден қалай өтуге болады? – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары жариялаған жаңа қаулы аймақ тұрғындарының тыныс-тіршілігіне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Мәселен автокөлікпен жүк тасымалдаушылар санитарлық бекеттерден қалай өтеміз деп алаңдауда. Ендеше түсіндіреміз, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Иә, жүк тасымалдау бизнесі көлік қозғалысының шектелуіне «төзе алмайтыны» белгілі. Сол себепті бұл тараптың алаңдауы заңды да. Сондай-ақ кәсіпкерлердің билік органдары тарапынан бекеттерде «асыра сілтеу» бола ма деп қауіптенетіні де жасырын емес. Сондықтан облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қаулының жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жұмысына қатысты тармақтарын түсіндіріп берді.
Сонымен, № 23-1 қаулыға сәйкес:
1. Санитариялық бекеттерде жол парақтарын, жұмыстық нарядтарды, жоспар-тапсырмаларды, тауар жүкқұжаттарын, іссапар құжаттарын, медициналық мекемелердің жолдамаларын, жеке куәлік көрсету арқылы кедергісіз кіріп-шыға алады
- жүктерді, вахталық қызметкерлерді, күзгі дала жұмыстарын, ауыл шаруашылығы іс-шараларын жүргізуге тартылған адамдарды автотасымалдаушылар;
- облыстың шаруашылық тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған бірінші қажеттіліктегі тауарларды, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді, қатты, сұйық отын, сондай-ақ тауарлар, жабдықтар мен материалдар салынған барлық жүк көлігін жеткізушілер.
2. Жұмыс берушінің мөрімен расталған еркін үлгідегі анықтамасы бар қызметкерлер тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұра алады.
3. Жоғарыда айтылған санаттарға жатпайтын адамдар ауданның/қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілген құжаттар болған кезде ғана санитарлық бекеттерден өте алады.
Облыс аумағында жүргізушінің карантинде болу керек деген талаптардың жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сондай-ақ қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде көптеген фейк ақпараттар тарап жатыр. Сондықтан аймақ тұрғындарының тек ресми ақпарат ресурстарында жазылған деректерге сүйенгені абзал.