Оңалту орталығынан шығып, отбасымен қауышқан Дінмұхамед
![](/kz/uploads/posts/iblock/e7e/e7e8be94ea7e01676ac609c40a9be1e7.jpg)
Серікұлы Дінмұхамед 2011 жылдың 23 шілдесінде туған. 2015 жылы Семей қаласының балалар үйінен Аягөзге, балаларға арнайы қызмет көрсету орталығына, келіп түседі. Ол кезде Дінмұхамед өздігінен жүріп-тұра алмайтын. Мамандардың айтуынша, өз-өзіне қызмет көрсету дағдылары болмаған. Сондықтан оған тәулік бойы медициналық бақылау және жеке күтім қажет болды.
«Аягөз аудандық балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» мамандары тоқсан сайын орындалған іс-шараларға мониторинг жүргізе отырып, жеке жұмыс жоспарын жасайды. Осылайша емдік дене шынықтыру мамандары, тәрбиешілер, медбике және палаталық санитарлар баламен бес жыл бойы жұмыс істейді. Оңалту шаралары оң нәтиже беріп, 2019 жылыдың қаңтарында Дінмұхамед еңбектей бастады. Кейінірек қызметкерлердің демеуімен жүре алатын болды. Ашық сабақтарға қатысып, «апа», «аға» деп дауыстай алды. Күн санап аяққа тұра бастаған балақай жуықта ғана Өскемендегі «Ана мен бала» орталығына жеткізілген еді. Емдеу-сауықтыру іс-шаралары сәтті аяқталып, 8 қазан күні Серікұлы Дінмұхамед өз отбасына оралды. Иә, сөз басында балалар үйі туралы айтылды. Бірақ қазіргі уақытта Дінмұхамедттің отбасы бар. Аягөздегі оңалту орталығының мамандары балаға ем-шара жасап қана қоймай, оның ата-анасымен де байланысқа шығыпты. Ерлі-зайыптылар туа бітті патологияға шалдыққан сәбиді Семей қаласының перинаталдық орталығында өткізіп, ата-аналық құқықтан бас тартқан. Орталық мамандары ата-аналық құқықты қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізді. Осылайша көп жылғы еңбектің нәтижесінде Дінмұхамед аяққа тұрып, орталықтан шығып, отбасымен қауышты.