KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
495.95 524.37 4.98

ШҚО-да «Нұрлы жол» бойынша үш жылда 43 жоба жүзеге асырылған

21.12.2018, 06:36 104

Облыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы соңғы үш жылдың көлемінде барлығы 43 жоба жүзеге асырылған. Бұл жөнінде жақында өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Басқарма басшысы атап өткендей, ағымдағы жылы өңірде жалпы құны 1 629,58 млн теңге болатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жеті нысаны қолданысқа берілген. Олардың қатарында Риддер қаласының 6,7 шағын аудандарындағы магистралды және кварталішілік жылу жүйелерінің, осы қаладағы екі жылу жүйелеріне арналған сорғы станциясының құрылыстары, Жарма ауданының Суықбұлақ кентінде және Жаңаөзен ауылында су жеткізу желілерінің құрылыстары, сонымен бірге Өскемен қаласының Байбатшин көшесіндегі кәріз коллекторын қайта құру мен Семей қаласының Ш.Уәлиханов көшесіндегі су жеткізу желісінің Қосанов көшесінен Аюченко көшесіне дейінгі аралығын қайта құру бар. Бұдан бөлек Курчатов қаласында кәріз жүйесін қайта құру аяқталған. Тағы алты жобаның құрылысы жалғасуда.


– Биылғы жылдың соңына дейін Өскемен қаласы бойынша Солтүстік-Атаман және Төменгі-Согра су бөгеттерін қайта құру (екінші кезек), Семей қаласының Шүлбі кентіндегі және Қайнар ауылындағы су тарту жүйесін қайта құру жобаларын аяқтау жоспарланып отыр. Жобалар бойынша кестеден ауытқушылық жоқ, пайдалануға беру мерзімдері – 2018 жылдың 30 желтоқсаны. Сонымен қатар Шемонаиха ауданындағы Красная Шемонаиха ауылында су бөгеті және су өткізу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнде 191,8 млн теңгесі игерілген. Тапсыру мерзімі – 2019 жыл, - деді сессияда жобалардың іске асырылу барысын баяндаған Мұрат Мұсатаев.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, облыста бұған дейін отыз жобаны жүзеге асыру үшін 2015-2016 жылдар аралығында аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында Ұлттық қордан 9 924,5 млн теңге бөлінсе, 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 12 жобаны іске асыруға Ұлттық қор қаражатынан 5 975,1 млн теңге қаржы қарастырылған. Ал биыл бір жобаны жүзеге асыруға және 2019 жылға ауысатын тағы бір жобаны іске асыру үшін 1 794,2 млн теңге бөлінген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу