Мақаншының маңында шахматтың шебері тұрады
Мақаншының маңайында тұрып жатқан Сейітхан Сағымбай ағамыздың қолы боста айналысатын «ермектері» жетерлік. Шахмат ойынын тәп-тәур ойнайтын ол осы өңірдегі «жә!» деген шахматшыларды ұтып кететін көрінеді. Оны айтасыз, ағамыз кезінде Мәлік Ғабдуллинмен де шахматтың шаршы тақтасында кездескен көрінеді.
-Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқып жүргени кезімде шахматтан сайыс өтііп бас жүлдені ұтып алдым. Студенттердің қуанышында шек жоқ, жора-жолдастарымыздың ортасында тұр едім, бір жігіт келіп танысты. Өзі де шахмат ойнайтын Мерлен деген ағамыз екен, ол да Мақаншыдан болып шықты. Сол кісі мені жетелегендей Мәлік Ғабдуллинге алып келді. Өзі ғалым, өзі батыр, атағынан ат үркетін Мәлік ағамыз жатақхананың 21 -бөлмесінде студенттермен әңгімелесіп отыр екен. Стол үстінде ашық жатқан темекісінен сұраусыз алып тартып жүрген студенттерге таң қала қарап мен отырмын. Екеуміз екі партия шахмат ойнап, ұят болғанда екеуінде де мен басым түстім. Кейін, келесі жылы ол кісі бізге «Ауыз әдебиеті» пәнінен дәріс оқыды. Алғаш аудиторияға кіріп келгенде маған қарап:
-Әй, мен сені қайдан көрдім?-деп сұрады да мен жауап бергенше:
-Ә-ә!Шахматист!-деп ризалық кейіп танытты. Сол күннен бастап, мен ұстаздың ең жақсы көретін шәкіртіне айналдым десем, өтірік айтпаспын. Ал мені Мәлік Ғабдуллинмен таныстырып, шахмат ойнатқан Мерлен Тұраров ағамыз осы Мақаншы аудандық газетінде ұзақ жыл редактор болды.
Сейітхан аға мен Минаш апай ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен жандар. Сейітхан аға Жарбұлақ, Барлық-Арасан, Мақаншы мектептерінде директор болған. Барлық-Арасан орта мектебіне Мәлік Ғабдуллин есімін бергізуге мұрындық болған жан. Екеуі де «Оқу ағарту ісінің үздігі». Ағамыз Сейітхан Сағымбай Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иегері. Минаш апай да он саусағынан өнер тамған жан. 90-жылдары Семей қаласында өткен «Алтын қолды әйел», аудан орталығында болған «Ене мен келін» атты сайыстарда бас жүлдені жеңіп алған. Бір сөзбен айтқанда, қадірменді қариялар өз еңбектерімен ел құрметіне бөленіп отырған адамдар.