ШҚО-да шенеуніктер мердігерді сотқа берудің орнына оны ақтауға тырысқан
ШҚо әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық кеңес барысында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мәселесі қаралды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өңірде 6 индикатор бойынша көрсеткіштердің орындалмау қаупі бар. Олар – бала өлімін азайту, жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар санын азайту, рецидивистер тарапынан жасалған қылмыстар саны кеміту, күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиумдар санын кеміту, үй телефонымен қамтылған тұрғындар санын арттыру.
Осыған орай полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, энергетика басқармасы басшылары сынға ұшырады. Әсіресе, аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмысында олқылықтары көп энергетика басқармасын қатаң сынға алды.
– Сіздер қысқа дайындық жұмыстарын сылбыр жүргіздіңіздер, көмірмен қамту барысында олқылықтар көп болды. Жыл бойы «бәрі жақсы, мәселе жіті бақылауда» деп мені сендіріп келдіңіздер, тек соңғы сәтте ғана жағдайдың жаман екені анықталды. Енді бірде-бір сөзіңізге сенбеймін! Жылу есептеу аспаптарын орнату бойынша ешбір көрсеткіш орындалмаған. Семей – Қарауыл тасжолының жөнделу сапасы сын көтермейді. Мердігер компанияны сотқа берудің орнына оны ақтауға тырыстыңыз. Неліктен энергетика басқармасы алға қойылған міндеттердің ешқайсысын жөнді орындамай келеді? Осы мәселені жіті тексеру қажет, – деді облыс әкімі басқарма басшысы Мұрат Мұсатаевқа қатысты.
Лауазымды тұлғаның қызметіне байланысты мәселе «Нұр Отан» партиясының алдағы бюро отырысында жеке қаралатын болып шешілді.