ШҚО-да лапороскопиялық онкохирургия дамып келеді
ШҚО онкологиялық диспансер басшысының айтуынша, өңірімізде лапороскопиялық онкохирургия дамып келеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазіргі уақытта маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхаметжанов пен онкохирург-уролог Хусан Умурзаков Италияның Милан қаласындағы TransEnterix орталығында білім-біліктерін жетілдіруде. Диспансердің эндоскопист дәрігері Әйгерім Ахметова Мәскеуде өткен халықаралық эндоскопиялық бейне-форумға қатысып, мол тәжірибе жинақтап қайтты.
– Осындай үлгідегі бейне-форумдар эндоскопиялық диагностика және ас қорыту органдарының сирек кездесетін ауруларын емдеудің әдістемелерін үйренуге мүмкіндік береді,-дейді облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина.
Сонымен қатар Гамбургтегі Asklepios және Eppendorf клиникаларының әйгілі дәрігерлерімен ұйымдастырылған тікелей телекөпір арқылы отандық дәрігерлеріміз эндоскопияның әлемдік көшбасшыларынан ота жасаудың техникасы мен озық әдістемелерін үйренген. Жуықта Литваның Клайпеда қаласындағы аурухананың торакалды хирургия бөлімінің басшысы, дәрігер-хирург Александрас Багаевас келіп, шеберлік сағаттарын өткізген.