KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 1 м/с, С
481.19 538.45 5.18

ШҚО дәрігерлері күрделі онкологиялық отаны сәтті аяқтады

1.10.2018, 11:32 163

Облыстық онкологиялық диспансердің дәрігерлері Серік Мұхамеджанов пен Жандос Жагниев ресейлік ғалым Игорь Берлевпен бірлесіп, Қазақстанда осымен екінші рет қана жасалып отырған жоғары технологиялы лапароскопиялық отаны сәтті аяқтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


44 жастағы зайсандық келіншектің жатыр мойнындағы қатерлі ісікке жасалған лапароскопиялық отаның ерекшелігі - лимфа түйіндеріне бояу енгізілген.


- Бұл әдіс арқылы қатерлі ісіктің қаншалықты асқынғанын, жасалатын операцияның көлемін анықтауға болады. Отаны жасау техникасының өзі күрделі. Елімізде осындай операция жасайтын онколог мамандар санаулы ғана, - дейді ресейлік ғалымның ассистенті болған жерлесіміз,онколог Жандос Жагниев.


Айтысына қарағанда, лимфа түйіндеріне бояу енгізілгеннен кейін сол ота барысында гистологиялық зерттеу жүргізілген.


Оның қорытындысы 15-20 минутта дайын болыпты. Пациенттің диагнозы Зайсанда скринингтік тексеруден өткен кезде анықталыпты. Әйелдің бақытына қарай, қатерлі ісіктің алғашқы сатысы екен. Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Науқас отадан кейін екінші күні төсектен тұрып, өз бетімен жүре бастаған.


Бұған дейін облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллина жаман дертті емдеуде жоғары технологияларды тек диагноз ерте қойылған сәтте ғана қолдануға болатынын баса айтқан болатын.Сол себепті де тұрғындардың скринингтік және кәсіби тексерулерге міндетті түрде келіп, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қараулары маңызды.


- Біздің өңір жаман дертке ерте диагноз қоюда республика бойынша алдыңғы қатарда тұр, соның нәтижесінде өлім көрсеткішін төмендетуге қол жеткіздік. Жалпы өлім көрсеткішін азайтудың үш жолы бар. Біріншісі, алғашқы дәрігерлік көмек мамандарын қатерлі ісікті ерте кезеңнен анықтауға үйрету. Екіншісі – дұрыс ем тағайындау. Бұл үшін де біздің диспансерде барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, тұрғындардың сауаттылығы, өз денсаулығына деген жауапкершілігі жоғары болу керек, - деді облыстың бас онкологы.


Естеріңізге сала кетейік, облыстық онкологиялық диспансерде ресейлік профессор, Петров атындағы ұлттық ғылыми зерттеу орталығы ғылыми онкогинекология бөлімшесінің жетекшісі, Санкт-Петербургтегі медициналық университеттің акушерлік және онкогинекология кафедрасының меңгерушісі Игорь Берлев пен Қазақ онкология мен радиология ғылыми- зерттеу институты онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов дәріс оқып, шеберлік сыныптарын жүргізді.


Семинар барысында жатыр мойны қатерлі ісігіне күдігі бар 15 әйел заманауи жоғары технологиялы құралдардың көмегімен колькоскопия және гистерскопия әдістерімен тексерілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив