Өскеменде сынақтан өткен электробустар не болды?
Осы жылдың мамыр айында Өскеменге бірнеше электробус әкелініп, сынақтан өткізілген болатын. №44 автобустың үйреншікті бағытымен жүрген жаңа электробустардың одан кейінгі тағдыры не болды? Сынақтан өтті ме, әлде өткен жоқ па?
Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары тоқпен жүретін қоғамдық көліктер туралы жақсы пікірде екен. Жақсы болмай қайтсін, өзі жаңа, шығыны да аз және үнемді болса. Ең бастысы экологиялық жағынан таза.
-Бір ай бойы сынақтан өткізіп көрдік. Мамандар өздерінің лайықты бағаларын беріп, шешім шығарды. Электробустар жылдың жайлы мезгілінде, яғни мамыр айында сынақтан өтті, Өскеменнің қақаған аязында қалай болатынын білмейміз,-дейді аталмыш бөлім басшысының орынбасары Еркін Тұраров.
Сонымен бірге электробустардың бағасы да айтылды. Тоқпен жүретін бір қоғамдық көліктің құны – 250 мың АҚШ долларының айналасында екен. Сондықтан, ТҮКШ электробус сатып алу мәселесін алдағы уақытта қарастырмайтын болып отыр.
Ал Өскеменнің көшелерін қара түтінге көмген ескі автобустар әлі жол үстінде, қала тұрғындарын тоқтаусыз тұншықтырып жүр.