ШҚО-да алғашқы қардан кейін жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті (фото, видео)
Соңғы екі күнде ШҚО-да көптеген жол апаттары орын алды. Оған себеп болған алғашқы қар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Автокөлік иелері алғашқы қарға дайын болмай шықты. Қазанның дәл ортасында жауып қалған қардың салдарынан үлкен тас жолдар мен қала сыртында жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті.
19 қазан күні Өскемен-Зырян тас жолында жолаушы микроавтобусы жолдан шығып қалған екен. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан КамАз көлігінің көмегімен жолға қайта тартып шығарыпты. Зардап шекккендер болмаған.
Сол күні Өскемен-Самар тас жолындағы Өмеш асуында тайғақ жолға дайындалып үлгермеген бірнеше жеңіл автокөліктер де жолдан шығып кетті. Бір күн бұрын осы тас жолда Газель жолаушы көлігі аударылған болатын.
Синоптиктер алдағы күндері де облыс аумағында қар жауады деп болжап отыр. Сондықтан алыс жолға шығатын азаматтарға темір тұлпарларын дайындап, табиғаттың тосын мінезіне сақадай сай болғандары жөн.