Аягөзде "Махаббат аялдамасы" бар
Биыл облысымыздың барлық жолдарының бойына арнайы мүсіндер қою тапсырмасы берілген болатын. Мәселен, Үржарлықтар «Үржар ханшайымын» орнатса, ақындар елі, абыздар елі, ғашықтар елі атанған аягөздіктер «Қарағанды-Боғаз» бағытының 10 –шақырымына қыз бен жігіттің скульптурасын тұғырға қондырды (суретте) .
Аумағы атшаптырым жерге асфальт төселді. Жайлы сәкілер орнатып, арнайы қоқыс жәшіктерін қойып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қойды. Асқақ романтикаға беріліп, сыр шертіскен қос ғашық бейнесі тұрған жер «Махаббат аялдамасы» аталды. Жарасымды-ақ!
Жалпы, Аягөз өңіріне қыстың өз қаһарына мінер күндері алыс емес. Қазан айының өзінде желтоқсанның ызғары сезіле бастады. Өңменіңнен өтер ызғырық жел кешкі қара суыққа ұласып, қапалақтап қар, сауылдап сырғақ жауды. Дегенмен, жалпы жұртшылық мұндай жайсыз ауа райының боларын біледі, қыстың қыр астында екендігін сезеді. Сол үшін де алдын ала отын-суын даярлап, ерте бастан қамданып, етек-жеңін жия бастайды. Бұл әсіресе, жол пайдалану бөлімшелеріне тән әрекет. Жолшылар ала жаздай асфальт жолдың қос қапталын қоқыстан тазалап, жол белгілерінің ескілерін жаңалап, арнайы тал-ағаштарды қазып орнатып келеді. Олар ойдым-ойдым болған жолдың шұңқырларына асфальт құйып тыным таппайды.