Катонқарағайдағы аурухананың 60 пайызы пайдаланылмай бос тұр
Катонқарағай ауылында халықтық медицинамен емдейтін орталық ашылады. Орталық қазіргі ауданаралық аурухананың негізінде жұмыс істейтін болады. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов тікелей байланыс барысында айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылында орталық аудандық аурухана бар. Ал Катонқарағай ауылындағы ауданаралық аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» жобасының шеңберінде бой көтерген типті ғимарат. Алайда емдеу мекемесін салған кезде, ауылдың нақты қажеттілігі ескерілмеген. Соның салдарынан ғимараттың 60 пайызы пайдаланылмай бос тұр. Аурухананы қаржыландыру елді мекендегі жан басына сәйкес жүргізіледі. Ал бүгінгі таңда ауылдан тұрғындардың басқа жаққа көшуі байқалады. Демек бөлінетін қаржы да азайып барады. Ал оның басым бөлігі ғимараттың пайдаланылмай тұрған 60 пайызын ұстап тұруға жұмсалады екен, яғни тиімсіз қолданылып келеді. Біз осы жағдайдың бәрін зерделеп, аурухананы сатып алу құқығынсыз, сенімді басқару үшін жеке қолға беруді жөн деп шештік. Бірақ ол мемлекеттің меншігінде қала береді. Біз, біріншіден, оның мәртебесін сақтап қалдық. Екіншіден, жеке инвестор аурухананы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жаңа қызмет түрлерін ұсынады деп үміттенеміз. Үшіншіден, науқастарды емдеуде, оңалтуда халықтық медицина тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, шөппен емдеу, қымыз беру, ине салу сияқты әдістер қолданылады. Қорыта айтқанда, жеке қолға сенімді басқаруға беру аурухананы халықтың қажетіне тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді облыстың бас дәрігері Марат Шоранов.