ШҚО-да биылғы Жігіт сұлтанының есімі анықталды
Жігіт сұлтаны – «Абайда»
Көкпекті ауылының сыртына жұмыртқадай-жұмыртқадай аппақ үйлер тігілген. Бұл – тойхана. Алтай мен Алакөлдің арасын қоныс еткен аудан-ауданның апайтөс жігіттері сыннан өтетін той – осында.
Той иелері – Облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мен Көкпекті ауданы.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Көкпекті жерінде облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауын өткізіп жатырмыз. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін аймағымыздағы зауыт, фабрикаларда жұмыс істеп жатқан жастардың үздігі анықталған. Ақылына көркі сай, инабатты келіндер сынға түскен. Тағы сол секілді біршама іс-шара өткен болатын. Енді бүгін сол бір байқаулардың аралық қортындысы ретінде «Жігіт сұлтанын» анықтамақпыз. Жыл аяғына дейін мұндай іс-шаралар жалғаса береді. «Жасыл ел еңбек жасағы» мен «Рухты Шығыс» атты біріншіліктер қортындыланады алдағы уақытта, – деді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев.
– Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп бұл шараны өткізуге көптен дайындалдық. Ауыл сыртына киіз үйлер тігіп, алтыбақан орнатып дегендей, үлкен бір той қылып өткеріп жатырмыз. Облысымыздағы барлық ауданға сауын айтып, жарысқа қатысуға шақырдық. «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей 12 жігіт келді. Олар теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қолкүрес сынды ұлттық ойын түрлерінен сынға түседі. Екінші бөлімде білімі мен өнерлерін ортаға салады. Бұдан бөлек, аудан халқына арналған бағдарламамыз да бар. Ол бағдарламамыз да бәйге, бұқа тартыс, қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындарға құрылған, – деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин.
...Той болады дегенді естіп таң бозынан жиылып, тағат таппай тұрған халықтың алдына бір-бір елдің туын ұстап, тұлпар мінген жігіттер шықты-ау әйтеу.
Алғашқы сын – теңге ілуге жұрт көңілі онша толмағанымен, аударыспақтың қызығына әбден батты. Курчатовтың жігітін әп-әдемі әдіспен аттан түсірген күршімдік Ерасылдың ептілігі ерекше ұнамды. «Бұл бір жырынды жігіт екен» десті. Толағай таудан, Ақжар өңірінен келген Абзал шемонаихалық қарсыласын аттан жұлып алғанда, «бұл бір дию екен» десті. Финалда манадан елдің ерекше назарын аудартқан осы екі қарсылас жолықты. Абзал епті деген Ерасылмен шыққанда әбжіл қимылдап еді... Ерасылдың аяғын үзеңгіден шығарып, ары аударып кеп жіберген. Сол күйі ат бауырында Ерасыл кеткен. Бірақ жерге түспеген. Ал Абзал болса, жеңіске насаттанып, қаумалаған халқының қолында кете барған.
Сонымен, аяғы жерге бірінше тиген Абзалдың жеңілгенін төреші хабарлады.
Мұнан арғы қолкүрес те, қазақша күрес те тартысты өтті. Риддерлік Тимурдың білегі темірдей екен, қолкүресінен бірінші орынды иеленді. Абай ауданының палуаны Айдос болса, күресем деп беттеп келгендерді алып та жықты, шалып та жықты. Мәдениет үйінде өткен екінші бөлімде осы Айдос пен Көкпектінің серісі Саяхат мықтылығын одан әрмен дәлелді.
Тойдың «көкесі» – «Тассайда»
Бұл күні ресми «жігіт сұлтандарынан» бөлек, жігіттің сырттандары анықталып жатқан еді алаңда. «Жігіт сұлтанының» бірінші бөлімі аяқталған тұста, тойға келген қонақтар арасында ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылған.
Күні кеше өткен Құрбан Айт мерекесінде алматылық Ілияс Жұмабай есімді палуан ұлттық спорт сайысында 510 рет қой көтеріп, рекорд орнатқан болатын. «Егер қарсыласым қойды 600 рет көтерсе, мен одан да көп көтерер едім» деген сөзі жалпақ Алашқа таралып кетті сол Ілияс палуанның. Көкпекті төріндегі осынау тойда да қой көтеруден бірінші орын алған Алмас есімді жігіт сондай сөз айтты. Әлбетте ол құнан қойды 500 мәрте көтерген жоқ. «Қарсыластарым 40 рет көтерсе, мен одан міндетті түрде асырар едім», деді.
Бұдан кейін тойға келген жұрт ауыл-ауыл болып, арқан тартысты. Тассай ауылынан сайдың тасындай жігіттер келген екен, қарсылас біткенді сүйрете-мүйрете, жүлденің ауылын жақындата берді. Тай жарысынан да осы Тассай ауылының үш тайы іркес-тіркес мәре сызығын кесіп өтті.
Ол ол ма, Көкпектінің намысын қорғап, «Жігіт сұлтанына» қатысып жатқан Саяхат Тұрлыбеков те Тассайдың тумасы болып шықты. «Тойдың «көкесі» Тассайда өтейін деп тұр», деді жүргізуші. «Той бізде!», деді тассайлықтар.
Кешкілік «Жігіт сұлтаны» байқауы қортындыланды. Үшінші орын Ерасыл Ахметовке (Күршім ауданы), екінші орын Рауан Сахановқа (Зайсан ауданы) бұйырды. Ал бірінші орын кімде дейсіз бе? Тассайлық Саяхатта! Саяхат Тұрлыбеков бұл сайыста нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі екендігін танытты. Аударыспақтан өзге сайыстардың бәрінен екінші орын иеленді. Ал екінші кезеңде құйқылжыта салған әні көрерменді баурап, елітіп алып кетті. «Жігіт сұлтаны – 2018» атағына абайлық Айдос Үркімбаев ие болды. Бас жүлде иегеріне ат мінгізіп, шапан жапты ұйымдастырушылар. Ешкім де сыйлықтан құрқол қалмады.