KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Жарты миллиондық жалақыға қарамай, туған еліне оралған семейлік мүсінші

31.07.2018, 03:00 199

Ол жарты миллиондық жалақылы қызметті тастап, туған жеріне оралған. Оның әр жұмысы баға жетпес туындыға лайық. Ол Шығыста ұмыт болған өнерді қайта түлеткен маман. Ендеше, мархабат! Нұрбол Қалиев – ұлыларды жаңғыртқан сақа мүсінші. Иә, оның есімі көпке беймәлім. Әйтсе де Абай ауданындағы Құнанбай Өскенбайұлының, Жарма өңіріндегі Мұхтар Әуезовтың және Аягөздегі Ақтамберді жырауға арналған ескерткіштің авторы дәл осы шебер. Абыройға бөленген жанмен сұхбат құрып, мүсін өнерінің бүгінгі беталысына қанықтық.  


Осы бір-екі жылда ол кенжелеп қалған мүсін өнерін қайта тірілткендей. Әсіресе оның соңғы жұмысы дүйім жұрттың таңдайын қақтырды. Маусымның аяғында Қалбатауда домбыраға арналып, ескерткіш орнатылған еді. Емен ағаштың ортасын жарып шыққан ұлттық аспаптың мүсінін, Нұрбол Қалиев қысқа уақытта дайындаған. Бұл көрініспен ол Мәңгілік ел филиософиясын жеткізуді мақсат тұтса керек. Оның өнерге деген құштарлығы бала кезден басталған.


-Апам айтушы еді: «Нағашыларың секілді әнші болатын шығарсың»,- деп. Өйткені Болатқызы деген туысымыз, әйгілі Жәнібек Кәрменовпен бірге оқыған өнер адамы еді. Қызық болғанда, үйге біреу ермексаз алып келді. Кім тастап кеткені есімде жоқ. Сол кезден бастап ермексаздан басқа өзіме ермек көрмедім. Батырдың бейнесін, сондай-ақ қазақ болған соң жылқының мүсінін келтіруді ерекше ұнаттым, - деп бастады өз сұхбатын Нұрбол.


Шығыстағы ағайынға Нұрболдың есімі әйгілі шешен, Құнанбай қажының мүсіні арқылы танылды десек қателеспейміз. Өткен жылы Қарауылда қойылған дала данышпанының ескерткеші ұлт мерейін асырғаны рас. Сахара Демосфеніне баланған Құнанбайдың еңселі ескерткіші балқаш мысынан құйылды. Биіктігі 7 метр, салмағы 12 тоннаны құрайтын монументалды жұмысты ол 10 айдың көлемінде әзірлеген. Былтыр Жарма ауданында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовке арналған семейліктің тағы бір еңбегі, оның беделін тіптен асқақтатты. 6 метр биіктікке бой көтерген бұл жұмысқа асылдың сынығы Мұрат Әуезовтің өзі сүйсінген-ді.


-Мүсін – бейнелеу өнерінің күрделі түрі. Қазір оның деңгейі қатты түсіп кеткен. Бұрындары мүсін үгіт-насихаттың рухани қаруы болатын. Онымен адамның жігерін оятқан. Мысалы Ленинді алып қарайық. Ол өмірде бойы аласа адам болған. Бірақ оның ескерткішін жасағанда алып тұлғалы етіп көрсеткен. Мүсіннің сан түрі бар. Түйендей келгенде, барлығы мүсіншінің кәсіби деңгейіне байланысты. Ол спортшы секілді түгел күш-қайратын жұмсағанда ғана мүсіннің көркем бейнесі шығады, - деп атап өтті өнер иесі.


Бұдан басқа Нұрбол Қалиевтің қолынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановтың, сонымен қатар әйгілі жырау, батыр Ақтамбердінің ескерткіш бюсттері шыққанын айта кеткен ләзім. Білікті бапкердің мүсіні Қалба өңіріне қойылса, түкті жүректі бабаға арналған бюст Аягөздің ажарына айналған. Бұл жауынгер жыраудың соңғы бейнесі емес. Қазіргі күнде оның тағы бір мүсіні қолға алыныпты. Анықталғандай, оны Абай ауданына елімізге белгілі спортшы орнатпақ ниетте. Сол секілді Шығыстың Микеланджелосы (Микеланджело Буонарроти- Еуропадғы қайта өрлеу дәуірінің көрнекті мүсіншісі) Зайсан ауданына Баймұрат батырдың еңселі ескерткішін дайындау үстінде. Оның биіктігі астындағы тұлпарын қоса алғанда 10 метрді құрамақ. Ал өнер иесінің шығармашылығындағы шыңырау шың Абайдың монументалды мүсіні болғалы тұр. Ол Абай ауданының 90 жылдығына орай тарту етіледі. Ұлы ойшылдың көркем туындысы қоладан жасалуда. Шығыс Қазақстан - иісі түркі жұртының алтын бесігі іспетті. Осы өр Алтайдың төріне өнер саңлағы, түркі қағандарына арнап композициялық монументті салуды көздеп отыр. Дәлірек келтіргенде, Күлтегінге ансамбльдік кешенді орнату талантты мүсіншінің тағы бір асыл мұраты. Қазақстан бойынша кейіпкеріміздің 15 ескерткіші бой көтеріпті. Ал Шығыста олардың саны 7-еу. Десе де бұл көрсеткіш әлі еселенетіні шүбәсіз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив