Қалбатауда Болат Тұрлыхановқа ескерткіш қойылды
Қалбатау аулында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Тұрлыхановқа ескерткіш орнатылды. Оның ашылуына, асылдың сынығы, Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы, ҚСРО мен ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Тұрлыханов арнайы қатысты.
Мүсін білікті жаттықтырушының атындағы спорт кешенге орнатылды. Бюстің биіктігі тұғырын қоса есептегенде екі жарым метрді құрайды. Ал оның авторы Шығыс өңіріне танымал, дарынды жас мүсінші Нұрбол Қалиев.
-Бұл тапсырысты өткен жылдың күз мезгілінде алған едік. Болат Тұрлыхановтың келбетін аша түсу үшін, ол кісіні зерттедік. Спорт саласының адамы болғандықтан, дене бітімін соған лайықтап келтіруге күш салдық. Енді бағасын халық өзі бере жатар. Мұнда металл-пластик материал пайдаланылды, - деп атап өтті мүсінші Нұрбол Қалиев.
Спорт майталманына арналған ескерткішті ашу мәртебесі, Болат Тұрлыхановтың замандастары, спорт ардагерлері Ром Ильматов пен Анатолий Меленьтевке берілді. Өз тарапынан асылдың сынығы, осынау игілікті істі қолға алған азаматтарға перзенттік алғысын білдірді.
-Өзінің туған жерінде әкеме мұндай ескерткіш қойылып жатса, неге қуанбасқа?! Қуаныштымын. Алдында ескерткіш тақта болатын. Енді ел азаматтары осындай шешім қабылдап отыр. Тек жақсылыққа болсын. Жерлестеріме ризашылығымды айтқым келеді, - деді Дәулет Тұрлыханов.