Семейге Нью-Йорктан келген Диаз Мусалимов «Семейім» әнін әуелете шырқады (видео)
Жастар арасында кеңінен танымал «Менің Семейім», «Мен Қазақстаннанмын» әндерінің авторы, жерлесіміз – Диаз Мусалимов туған жері Семей шаһарында. Ол бүгін Достоевскийдің Әдеби-Мемориалдық мұражайында қаламыздағы татар өнер мектебі түлектерінің қатысуымен өткен концертте өз репертуарындағы бірнеше танымал әндерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Семейлік Диаздың жанкүйерлері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар АҚШ елінде де өте көп. Жастайынан жұлдызы жарқыраған дарынды талант иесі бүгінгі уақытқа дейін көптеген шоу бағдарламаларда өнер көрсетіп, талай вокалдық жарыстардың жүлдегері атанып үлгерді. Қазіргі таңда Американың Нью-Йорк университетінде әннен сабақ беріп, продюсерлік қызметпен айналысады. Сондай-ақ, «Грэмми» музыкалық сыйлығын иемденген әлемнің ең үздік музыканттарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Естеріңізге сала кетейік, былтыр ғана күллі дүние жүзі тамашалған Головкин мен Альварестың жекпе-жегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын жанды дауыста шырқаған болатын.