Семейлік әнші жігіт Нью-Йорк университетінің профессоры атанды
Семейден шыққан әнші жігіт Нью-Йорк университетінде профессор атанды. Әлемге әйгілі ЖОО-да музыкалық өнер негіздерін оқытады. Жас әнші Жаяу Мұса, Мұқан Төлебаевтың әндерін орындап, АҚШ-тың үздік сахналарын бағындырып жүр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Tengrinews.kz «24 Хабар» агенттігіне сілтеме жасап мәлімдеді.
Әнші жігітіміздің аты-жөні - Диаз Мүсәлімов. Телеарна мәліметтері бойынша, қазір ол Данэлия Төлешовамен жұмыс істейді және жаһандық музыкалық индустрия және американдық шоу-бизнес сарапшыларымен тығыз байланыста. Мүсәлімов Лас-Вегаста өнер көрсетіп үлгерді. Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегінің алдында 20-мыңдық аренада Қазақстанның әнұранын орындаған дәл осы Диаз. Содан кейін әртүрлі ел тұрғындарынан көптеген хабарламалар алғанын айтады жерлесіміз. Олар біздің әнұранымыздың әуезіне тәнті болғандарын жазған көрінеді.
– Халықаралық ауқымдағы түрлі іс-шараларға қатысып жүрмін. Ол жерлерде мен шырқайтын әндердің бірі – I am from Kazakhstan. Ол белгілі бір заманауи стильде жазылған, стандартты емес және үлкен резонанс жасады, – дейді әнщінің өзі.
Биылғы жылы Диаз Нью-Йорк университетінде «вокалдық орындаушылық: музыкалық театр және вокал педагогикасы» мамандығы бойынша екі магистр дәрежесін алды. АҚШ-тың бұл атақты жоғары оқу орны 30 Нобель сыйлығының лауреаты және 19 «Оскар», «Эмми», «Тони» және «Грэмми» сыйлықтарының иегері атанған. NYU түлектері арасында Вуди Аллен, Мартин Скорсезе, Анджелина Джоли, Вупи Голдберг, Леди Гага және басқа да әйгілі тұлғалар бар.
Жас профессор Диаз Мұсәлімов студенттерге вокал бойынша сабақ береді.
– Қазақстанның бай мәдени мұраға ие. Мен бұған Манхэттендегі концертте көз жеткіздім. Мен қазақстандық композиторлардың әндерін орындадым. Оның ішінде Жаяу Мұса, Мұқан Төлебаевтың әндері, қазақтың халық әндері бар. Бұл туындылар біздің мәдени жауһарымыз және олар бүкіл әлем білуге және тыңдауға тиіс шығармалардың, композициялар мен әндердің ондығына енуі тиіс – дейді ол.
Диаз АҚШ-тың шоу-бизнес өкілдерінен құралған кәсіпқойлар командасын жинады. Олардың арасында Майкл Джексон, Бейонсе және басқа да американдық жұлдыздармен жұмыс істеген Гарвард түлектері бар. Әнші қазақстандық өзге де жас таланттарға көмектесуге ниетті.