KZ
Өскемен
+14°
туман жел 1 м/с, В
450.79 482.21 5.05

Семейлік Ақеркені қайын атасы қалай өлтіргені туралы айтып берді

26.07.2018, 08:22 155

Осыдан төрт ай бұрын семейлік Ақерке Қозыкешованы қайын атасы қатыгездікпен өлтірді деген жантүршігерлік оқиғаны көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарыса жазды.


Қанша уақыт өтсе де, бүгінгі күнге дейін бұл қанды оқиғаға қатысты дау әлі басылар емес. Күні кеше ғана Оралдағы ауданаралық мамандандырылған сотта келінін баумен қылқындырып, кейін пышақтап өлтірген Асылбек Омаровқа қатысты сот отырысы өтті. Сот барысында айыпталушы 8 сәуір күні орын алған жағдай туралы қандай да бір мәлімдеме жасаудан, сонымен қатар марқұмның туыстарына 10 млн теңге моральдық шығынды төлеуден бас тартты.


Сондықтан да, судья ол кісінің алдыңғы жауабын оқыды. Бұл құжаттама қағазда оқылған деректерге сүйенсек, Асылбек Омаров басында қол жұмсаймын деген ойы мүлдем болмаған екен. Бірақ сотталушының айтуынша, Ақерке оны балағаттап, ашуына тиген. Бірнеше рет ұлының көзіне шөп салғанын да айтқан көрінеді. Мұндай сөздерге шыдамаған ол Ақеркеге жұдырық ала жүгіріп, аямай тепкілеген. Одан кейін шалбардың бауымен буындырып, кеуде тұсына суық қаруды сұғып алыпты.


Шым-шытырық, шырмауы көп осы бір жайтқа байланысты Ақерке Қозыкешованың нағашы апайы Райхангүл Абдрахмановаға хабарласып, пікірін сұраған болатынбыз.


-Ол атасынан өте қатты қорқатын, жасқанатын. Ақерке қызымыз біреуді балағаттап, дөрекі сөз айту дегенді білмейтін. Кішкентай кезінен бастап «барған жеріңе балдай батып, судай сің» деп ақылымызды айтып отыратынбыз. Тәні қара жер қойнауында жатса да, артынан түрлі қауесеттер таратты. Барлық жасап жатқан іс-әрекеттерінің басты мақсаты жазаны жеңілдету. Енді , міне аққа қара жағып, жала жауып отыр. Тергеу әрекеттері дұрыс жүргізілмеді, жалпы айтқанда көңіліміз толмады. Ақеркенің жаназасын шығарғанда да, одан кейін де Саят Қозыкешовтың бірде бір туысы келіп, ең болмаса, көңіл де айтпады.


Ал қылмыскердің әйелі Айгүл Омарова болса, «Орал апталығы» газетінің редакциясына өз шындығын айтыпты.


— Ақерке өте ашушаң, шыдамсыз еді. Менің ұлыммен бірге тұрғанда, екеуінің араларында жиі жанжал болып тұратын, - дейді ол. - Ақерке көз жұмған күні тағы да бір-бірімен ұрсысты. Кішкентай баласына қарамайтын, уақытының көбісін әлеуметтік желіде өткізетін. Осындай жаман жақтарын көрген Асылбек ылғи ызаланатын. Бізге ұнамайтын қылықтарын байқасақ та, үндемеуге тырысатынбыз. Ақерке Ақсай қаласындағы қонақ үйлердің бірінде шетелдік азаматпен көңіл жарастырған. Осыны естіген ұлым онымен дереу ажырасқан. Күйеуім негізінде өлтіргісі келмеді, өзі ғайбаттап, айғайлап, осындай іске итермеледі.


Шынымен де, қарап отырсақ, күрмеуі қиын күрделі мәселеде – әркімнің өз ақиқаты бар. Дегенмен, ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Біреуді сынау немесе айыптау біздің міндетіміз емес, тек кез-келге азамат "Қылмыстың түбі-жаза" екенін ұмытпаса екен дейміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив