Суретшілерге 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды
Облыстық Өнер мұражайының ұйымдастыруымен өткен «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэр жұмысы кеше аяқталып, суретшілердің жазған картиналары көрмеге қойылды. Пленэрге қатысқан суретшілерге облыс әкімі Даниал Ахметов алғысын білдіріп, 100 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.
- Суретшілер – ерекше адамдар. Сіздердің елімізді әлемге танытатындай зор мүмкіндіктеріңіз бар. Биылғы пленэр он күнге созылса, келесі жылы уақытын бұдан да созамыз. Сіздерге денсаулық, баянды бақыт тілеймін! – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Бұдан кейін облыс әкімі көрмені аралап көрді. Көптеген суреттердің ішінде Азат Табиев пен Құралай Аманжолованың жұмыстарына тоқталып өтті.
- Азаттың әкесі Бахтияр Тәбиевті жақсы білемін. Еңбектерін ерекше бағалаймын. Айналайын Азат, әкеңнің жолын жалғастыр. Қолыңнан қылқаламыңды тастама, - деп тілегін білдірді аймақ басшысы.
Сонымен қатар жерлесіміз Әлібек Шоқановтың да жұмыстарына жоғары бағасын берді. Ал Суретшілер академиясының вице-президенті Ерлан Айтуаров пленэрге қатысқан суретшілердің атынан облыс әкімдігіне, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Көрменің қортынды бөлімінде Ерлан Айтуаров пен Сембіғали Смағұл абстракциялық картина жазып, шеберлік сабақтарын көрсетті.