KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 5 м/с, В
480.55 533.75 5.36

Тұсауын облыс әкімі кескен бала осал болмауы керек

24.05.2018, 10:39 169

Бір жастағы көкпектілік Сұлтан Нұрланұлының тұсауын облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі кесті. Бұл оқиға бүгін аймақ басшысының Өскемен қаласындағы ипподром аумағында бой көтерген киіз үй қалашығына жасаған сапары барысында орын алды.

Бүлдіршіннің тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан қадамына ақ жол тілеген облыс әкімі оған бағалы сыйлық – ойыншық тарту етуді де ұмытпады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


-Баламыздың тұсауын облыс әкімінің өзі келіп кесіп жатқанын үлкен ырымға балап отырмыз. Қазақта баланың тұсауын кім кессе, бүлдіршіннің ертеңгі үлкен өмірдегі қадамы сол адамға ұқсас болады деген тәмсіл бар. Ендеше біздің кішкентай Сұлтанымыздың маңдайының бағы бес елі. Тұсауын облыс әкімі кескен бала осал болмауы керек,-дейді Сұлтанның әжесі.


Бәйгетөбеге әдейілеп ат басын тірегін Даниал Кенжетайұлы мұндағы облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынатын кезекті, ХХІ халықтық спорт ойындары аясында тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап, онда жайылған дастархандардан көппен бірге дәм татты.

Айта кетейік, мамыр айының 24-і мен 26-сы аралығында өтетін, «Қазақтың киіз үйі» деп аталатын фестиваль барысында қонақтар назарына облыстың барлық аудан-қаласынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары орындауындағы қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінен сыр шертетін көріністер ұсынылмақ. Сонымен қатар мұндағы орталық сахнада арнайы концерт өтеді деп жоспарлануда.


Атшабарға ағылған жұрт қазақ халқының тұрмыста тұтынған бірегей бұйымдары, жиһаздары мен ыдыстары, ұлттық киім үлгілері, сондай-ақ,  зергерлік өнер туындыларымен жақынырақ таныса алады. Бұған қоса меймандардың қазақ пен өзге ұлт салт-дәстүрлеріне арналған әдемі қойылымдарды тамашалауға мүмкіндіктері бар. Бұл әсіресе өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мән-мағынасы зор бастама болғаны сөзсіз. Мұны Өскемен қаласының тұрғындары және қонақтарымен бірге киіз үйлерге бас сұғып, күмбірлеген күй, әуезді ән тыңдап, қымыздан дәм татқан облыс әкмі де ерекше атап өтті.


– Балаларымыз төл тарихымызды бес саусағындай біліп, мәдениетімізбен сусындап өсуі керек. Бұл тұрғыда осындай шаралардың берері мол. Бірақ, біз бұл киіз үйлерді басшылар үшін емес, балалар үшін тігіп отырмыз, соны ұмытпайық. Киіз үйлерге кез келген оқушы кіріп, мұнда қойылған құнды заттармен жақынырақ таныса алатын болсын, – деген облыс әкімінің өзі де қазақтың бесікке бөлеу, тұсаукесер, келін түсіру рәсімдерінен, сондай-ақ орыс, татар және басқа да ұлттардың салт-дәстүрлерін сыр шертетін қойылымдардың куәсі болып қайтты.


Айта кетейік, бұл күндері киіз үй қалашығының іргесінде, келушілер назарына қазақ күресі, татардың көрәші, корейдің таэквондосынан, сонымен қатар шахмат, тоғызқұмалақ пен дойбыдан, арқан тартыс, асық ату мен қол күресінен жарыстар ұсынылуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив